QAZAQSTAN OLYMPIC TEAM: Қазақстан Олимпиада құрамасының формасы таныстырылды
Ұлттық Олимпиада комитеті Бейжің-2022 ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының формасын таныстырды. Еліміздің тарихында алғаш рет мемлекет атауы қазақ тілінде – "QAZAQSTAN" деп жазылмақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Олимпиада командасына арналған спорттық форманы отандық компания өндірген. Киім үлгісін дизайнер Дмитрий Шишкин дайындаған.
Олимпиада формасын жасауға бір жылдан астам уақыт кеткен. Спортшылар ұсыныстарын білдіріп, дизайны мен спорттық киімнің жарық көруіне өз үлестерін қосқан.
"Бір аптадан кейін Қазақстан құрамасы Қытайға аттанады. 4 ақпан күні қыстың басты додасы басталады. Токио олимпиадасы қарсаңындағы секілді, бұл ойын алдында да біз форманы дайындау кезінде спортшылардың ұсыныс-тілегін ескердік. Біз үшін Олимпиада ойындарында спортшыларға осы форманың ыңғайлы екенін сезінгені маңызды. Ал мата мен тігістің талапқа сай болатыны сөзсіз", – деді Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков.
Қысқы ойындарға арналған олимпиадалық форманың таныстырылымына жазғы спорт түрлерінің өкілдері Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцева қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін олимпиада ойындарында ел атауының алғаш рет қазақ тілінде жазылатыны туралы хабарлаған едік. Халықаралық Олимпиада комитеті формадағы жазбаны өзгертуге арнайы рұқсат берген.