Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақстан барысы” Айбек Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі болды

Айбек Нұғымаров
Фото: Instagram.com/aibeknugymarov_official

"Қазақстан барысы" республикалық турнирінің екі дүркін жеңімпазы, 39 жастағы Айбек Нұғымаров Абай облысы Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалды. Жаңа басшыны аудан тұрғындарына облыс әкімі Берік Уәли таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айбек Нұғымаров Аягөз ауданына қарасты Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын "Дене шынықтыру" мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін заңгерлік білім алған.

Ол — қазақ күресінен бірнеше дүркін әлем чемпионы, қазақ күресі мен самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2013 және 2019 жылдары "Қазақстан барысы" турнирінде түйе палуан атанып, бас жүлдені жеңіп алған.

Еңбек жолын Семей қаласындағы спорт мектептерінде жаттықтырушы-оқытушы және нұсқаушы болып бастаған. Кейін білім беру және мемлекеттік басқару саласында басшылық қызметтер атқарды.

 Айбек Нұғымаров Семей қаласындағы Көлік колледжін алты жыл басқарды. Бұдан кейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарған.

Енді белгілі балуан Аягөз ауданын ресми түрде басқаратын болады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 13:25