Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бауырларымның бәріне баспана алып, көлік мінгіздім": "Қазақстан барысы" Айбек Нұғымаров түскен сыйлықтарын қалай жұмсағаны туралы

"Қазақстан барысы", "Әлем барысы", қазақ күресінен төрт дүркін әлем чемпионы атанған Айбек Нұғымаров карантиннің кесірі спортқа да тиіп жатыр дейді. Бір жылдан бері жарыстарға қатыса алмай, дүбірлі додаларды аңсап жүргенін айтады. Бір жылдық үзілісте бос жатпадым деген ол ауылына мешіт салдырғанын айтады. Одан бөлек спортшы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ағаларынан алған ең үлкен сыйлықтарын және "оққағарым болшы" дейтін дөкейлер туралы айтып берді. 

айбек

Шығыс Қазақстанның тумасы Айбек Нұғымаров мектепте оқып жүріп спортқа деген құлшынысы пайда болғанын айтады. 

- Айбек, балалық шағыңыз қалай өтті? Күреске қалай келдіңіз?

- Семей қаласы, Абай ауданында туғанмын. Отбасым өте қарапайым, ауылдан шыққан қазақпын. Ауылда 9 сыныпқа дейін оқыдым, бірақ күрескен жоқ едім. 2004 жылы қалаға келіп, күресті бастадым. Бұл бастамаға ата-анам қарсы болған жоқ. Бірақ толығымен қолдады деп те айта алмас едім. Өйткені кез келген ата-ана баласын ойлайды. Бір жері шығып, сынып кетпей ме деп қорқып уайымдағаны рас.

Қалаға келіп, күресті бастап, бір айдан кейін жастар арасындағы облыстық турнирде жеңіске жеттім. Содан бері күреске деген ынтам оянып, түбегейлі қолға алуды шештім. Бұған бірден бір себеп, дұрыс бағыт беретін жақсы жаттықтырушыға кез болдым деп ойлаймын. Серік Қожыкенов және Қайрат Жармұхамедов сынды ағаларымыздың тәлімін алып келеміз. Соның арқасында қаншама жарыстарға қатысып, жүлделі болып жатырмын.

- Карантинге байланысты көптеген үлкен іс-шаралар кейінге шегерілді немесе мүлде болмайтын болды. Көптеген адамдар өз жұмыстарын тастап, басқа табыс көзіне өтті. Сіз үшін карантин несімен есте қалды?

- Қазіргі кезде Семей қаласындағы транспорттық колледж директорымын. Пандемия кезінде өзім де сол вирусты жұқтырып алдым. Басында бұл вирустың барына сенбеген едім. Коронавирус өтірік деген сөздерге ергенімді жасырмаймын. Бірақ ауырған кезде көзім жетті. 

Пандемия уақытында қаншама жұмыстар атқарылды, үйде жатпадық. Ауылға мешіт салдырдым. Салып болған соң қалада Азат Толқынұлы деген бауырымыз екеуміз вируспен ауырып жатқан науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерге көмектестік. 

Ауруханада орын болмаған соң, колледж жатақханасынан орын бөлдік. Толық тамағын қамтамасыз етіп, біраз жұмыстың басын қайырдық. Басқа бір жұмысқа ауысып кететіндей ешқандай қызығушылық болған жоқ. 

айбек- Бәріне "Қазақстан барысы", басқа додалардағы жүлдеңізді қайда жұмсадыңыз деген сұрақ қызық...

- Жалпы, осы уақытқа дейін 22 көлік ұтыппын. "Қазақстан барысында" қаншама қаржылай ақша алдым. Оның бәрін үлкен істерге пайдаландым десем болады. Көліктердің тең жартысын туыстарым мен бауырларыма бөліп бердім. 

Біз қарапайым отбасыдан шыққан соң, баспана ештеңе болған жоқ. Бауырларымның бәріне баспана алып, көлік мінгіздім. Тапқан табыстың арқасында мал шаруашылығын қолға алдық. Ақша су секілді: керекті нәрселерге жұмсалып кетеді. 

- Сізге оққағарым бол деп ұсыныс жасағандар болды ма?   

- Қаншама адам оққағарым бол деп ұсыныс жасады. Оның бәрінің атын айтып, түсін түстей алмаймын. Банк бастығы, үлкен кәсіпкер азамат та өтінді. Бірақ барлығынан бас тарттым. Маған тек күресу керек болды. Оққағар болуға уақыт болмады. 

Қаншама жеңіске жетіп отырғаным - әуелі Алланың, кейін маңдай тердің арқасы. Шынымды айтсам, оққағар болсам, қанша бересің деп ақшасын да сұрамадым. Дегенмен оққағар болуға аз ақша ұсынбайтыны анық. Мен ақшасын ойламай, бірден бас тарттым. 

- Нәзік жандылар тарапынан ықылас көп шығар. Тоқалдық немесе көп әйелділік тақырыбына қатысты сіздің ойыңыз қандай?

- Шынымен жағдайын жасай алса, алуға болады. Ешкімге қарсы емеспін. Бірақ екі мәселеден бір мәселе жақсы деген сөз бар. Аллаға шүкір, әйеліммен бақыттымын. Бұйыртса, бесінші сәбиімізді күтіп отырмыз. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Егер жары бала таппай мәселе болып жатса бір жөн. Бір емес, бес бала тауып берген әйелдің үстінен тағы біреуін алу - шатасқандық. Ал шамасы жетсе, жүрегі қанша әйелді қалайды, сонша әйел алсын. Шынымды айтсам, екінші әйел немесе тоқал алуға менің қызығушылығым жоқ.

айбек- Спортта жеңіске жету үшін тек қана физикалық тұрғыдан ғана емес, психикалық тұрғыдан да мықты болу керек. Психологиялық жағынан қандай қиындықтар болды, спорт психологтарының көмегіне жүгіндіңіз бе, өзіңізді дүбірлі додаларға қалай дайындайсыз?

- Иә, бұл рас. Кейде спортшы қанша мықты болып көрінгенімен, салың суға кетіп қалатын кезеңдер болады. Күйзеліске түсіп кетесің. Әрбір сынды, әрбір мінді өзімнен іздеуге тырысамын. Қай жерде дұрыс істемедім, бір жамандық істеп қойдым ба деп өзіме сұрау саламын. Спорт психологтарының көмегіне жүгінген кездеріміз болды. Спортшыға психологтың көмегі міндетті түрде керек. Өйткені қиын сәттерде сол кісілердің жылы сөздері бізге медеу болады. 

- Бізде биіктен көрінген чемпиондарды қатты құрметтеп, сый-сыяпатын аямайды. Ең қымбат алған сыйлықтарыңыз қандай болды?

- Маған сыйлықтың барлығын берді. Облыс әкімі үй берсе, ағаларым қымбат көлік те мінгізді. "Ленд-Крузер 200" көлігін салоннан алып берді. Ол кісілерге алып бер деп айтқан жоқпын. Олар күресіңе риза болдық деп шынайы ниетімен берді. 

Үй де алдым, көлік те алдым. Ешкімге ешқандай ренішім жоқ. Қазір көпшілік айналасына шағымданып жатады. Мемлекет былай істемеді, былай жасамады деп. Ал бағалап қарасақ, елдің жағдайы бұрын қандай еді, қазір қандай?

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Қазіргі Семей қаласындағы транспорт колледжінде директор қызметінде екенімді айттым. Аллаға шүкір, жұмысым жүріп жатыр. Облыстық мәслихат депутаттығына өттім. Спортты қойғанан кейін мемлекетке қызмет етсем деймін. Артымыздан еріп келе жатқан бауырларға дұрыс өнеге болсын деп өзім үшін емес, өзге үшін жұмыс істейтіндей болу керек. Абай атамыз: "Өзің үшін жұмыс істесең, оттағанның бірі боласың" дейді. Халық үшін бәрін істеймін деу мүмкін емес, бірақ қолдан келгенше, аянып қалмасым анық. 

Алдағы уақытта пандемия бітсе, жарыстарға қатыссам деген ойым бар. Бірақ әлі де күресті қойған жоқпын, әлі де жаттығу үстіндемін. Бұйыртса, пандемия басылып, карантин аяқталса, алдағы жарыстарға қатысуға сақадай саймын.

 

Дайындаған: Жанна Мәлік 

 

Талқылау