Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде тегін тамақ беру тоқтатылмақ

ЖенПУ

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне грантпен оқуға түскен студенттерге келесі оқу жылынан бастап тегін ыстық тамақ берілмеуі мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай ұсыныс жасап, үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланған. Оған сәйкес, 2027–2028 оқу жылынан бастап университетке мемлекеттік грантпен қабылданатын студенттерге тегін тамақ беру тоқтатылмақ. Қазір университетте грантпен оқитын қыздардың ыстық тамағына жұмсалатын ақшаны мемлекет толық төлеп жүр. Ал жаңа тәртіп қабылданса, келесі жылы оқуға түсетін студенттер бұл жеңілдікті ала алмайды.

Дегенмен өзгеріс қазір білім алып жүрген студенттерге бірден әсер етпейді. Министрлік тегін тамақ беру тәртібін біртіндеп тоқтатуды жоспарлап отыр. Ведомство мұндай ұсынысты бюджет қаржысын үнемдеу қажеттігімен түсіндірген.

"Бұл норма 2027–2028 оқу жылынан бастап оқуға қабылданған студенттерге тегін ыстық тамақ беру жеңілдігін біртіндеп шектеуді көздейді. Қазір мемлекет бұл шығынды 100% өтеп отыр", – делінген құжатта.

Қаулы жобасы 3 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады. Әзірге бұл ұсыныс қана. Егер үкімет оны қабылдаса, қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң күшіне енеді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 12:18