Allur Endurance CUP 2026 халықаралық турнирінде қазақстандық шабандоздар барлық жүлделі орынды иеленді

Қостанай облысында алғаш рет ат спортынан қашықтыққа шабу бойынша халықаралық жарыс — Allur Endurance CUP 2026 өтті. Сайысқа бес елден 36 шабандоз қатысып, жүлделі жеті орынның барлығын қазақстандық спортшылар иеленді. Бас жүлде — Қостанайдағы Allur зауытында шығарылған Chevrolet Cobalt автокөлігі.
Жылқы — ғасырлар бойы қазақ халқының ұлттық мәдениетімен біте қайнасқан жануар. Бүгінде Қазақстан ат спортын дамытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келеді. Соның бір дәлелі – Республика күні қарсаңында қазақстандық Allur автокөлік компаниясының қолдауымен өткен Allur Endurance CUP 2026 халықаралық турнирі.
Жарысқа Қазақстан, Венгрия, Сирия, Ұлыбритания және Малайзиядан келген шабандоздар қатысты. Қатысушылар FEI халықаралық талаптарына сай CEI 1* санатындағы 100 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Ал жарысты Біріккен Араб Әмірліктерінен келген төрешілер бағалады.

Ат спортының бұл түрінде жеңіске жету үшін жылдамдық қана жеткіліксіз. Шабандоз қашықтық бойындағы күшті дұрыс үйлестіріп, аттың бабын сезіне білуі және оның жағдайын үнемі бақылап отыруы қажет. Бұл — қазақтың атқа міну мәдениетіне тән, ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше қасиеттер.
Allur компаниясы үшін мұндай жарыстарды қолдау — отандық жылқы шаруашылығын дамытуға, ат спортын кеңінен насихаттауға және ұлттық мұраны сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Компания жекелеген спорттық іс-шараларды қолдаумен ғана шектелмей, қазақстандық шабандоздар мен отандық жылқы тұқымдарының халықаралық аренада лайықты танылуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруға да үлес қосуға ұмтылады.

"Жылқының Қазақстан үшін маңызы тарихпен ғана шектелмейді. Бұл сақтап қана қоймай, дамыта түсуіміз қажет ұлттық байлығымыз. Біздің өзімізге тән бірегей жылқы тұқымдарымыз, талантты спортшыларымыз және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлеріміз бар. Біздің міндетіміз — осы мұраны заманауи халықаралық стандарттармен ұштастыру. Сондықтан Allur ат спортын қолдауды ұзақ мерзімді жұмыс ретінде қарастырады. Біз Қазақстанның әлемге жылқы мәдениетінің тарихи отаны ретінде ғана емес, сонымен қатар мықты спортшыларымен және дамыған жылқы шаруашылығымен де танылғанын қалаймыз", — деді Allur зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.

Қостанай және адай жылқы тұқымдарын таныту мен олардың әлеуетін арттыруда бұл турнирдің орны ерекше. Халықаралық жарыстар олардың төзімділігін көрсетуге, отандық жылқы өсірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ қазақстандық шабандоздардың шетелдік жарыстарға қатысу үшін қажетті біліктілік талаптарын орындауына жол ашады.
"Біз бұл жарысты ең алдымен отандық жылқы шаруашылығын дамыту және сақтау мақсатында өткіземіз. Біз үшін Қостанай облысында өсірілетін жергілікті тұқымды жылқылар мен олардың будандарының жарысқа қатысуы ерекше маңызды. Allur компаниясының қолдауының арқасында халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізіп, спортшыларымыз бен жылқы бағып отырғандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз", — деп атап өтті Qostanai Argymagy қорының директоры Алтай Бимен.

Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын шетелдік қонақтар да атап өтті. Бала кезінен ат спортымен айналысатын венгриялық шабандоз Орхидея Михок Қостанайға алғаш рет келіп, қазақстандық спортшылардың дайындығына жоғары баға берді.
"Ұзақ қашықтыққа атпен шабуда шабандоз бен аттың өзара байланысынсыз нәтижеге жету мүмкін емес. Жарыс басталмас бұрын аттың мінезін танып, онымен тіл табысу мен үшін маңызды болды. Сондай-ақ қазақстандық шабандоздардың қаншалықты мықты әрі төзімді екенін байқадым. Мұнда табиғат тамаша, атмосферасы да ерекше", — деп әсерімен бөлісті спортшы.

Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық шабандоздар жүлделі жеті орынның барлығын иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Арғұлан Майқонов ең үздік нәтиже көрсеткен Маңғыстау облысының шабандозына Қостанайда шығарылған жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігінің кілтін табыстады. Қалған жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Allur Endurance CUP 2026 халықаралық деңгейдегі ат спортын дамыту үшін Қазақстанда қажетті мүмкіндіктің бәрі бар екенін көрсетті. Елімізде мықты спортшылар, бірегей жылқы тұқымдары және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ат спорты дәстүрлері бар. Ал отандық бизнестің осындай бастамаларға тұрақты қолдау көрсетуі ұлттық мұраны нақты спорттық жетістіктерге айналдырып, өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты