Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Францияда дүрбелең кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындар дүкендерді өздері қорғап қалған

Франция тәртәп бұзушылар тонау
Фото: Желі кадрларынан скрин

Францияны жайлаған жаппай тәртіпсіздік кезінде кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар дүкендерін тонаушылардан өздері қорғауға мәжбүр болды. Ниццада сатушы  ашулы топқа жалғыз қарсы тұрса, Парижде тоналған дүкен иесіне қолдау көрсету үшін халық 88 мың еуродан астам қаражат жинаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еuronews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Өткен демалыс күндері Францияда болған жаппай тәртіпсіздік пен тонау елге үлкен шығын әкелді. Осы оқиғалар кезінде дүкендерін қорғауға тырысқан қарапайым тұрғындардың әрекеті көпшіліктің қолдауына ие болды. Олар қауіпке қарамастан, тонаушыларға қарсы тұруға мәжбүр болған.

Солардың бірі — Ниццадағы Micromania бейнеойындар дүкенінің қызметкері Пьер. Оның дүкенге басып кірмек болған ашулы топқа жалғыз қарсы тұрған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде миллиондаған рет қаралды. Оны арқасынан теуіп, түрлі заттар лақтырса да, Пьер дүкеннің есігін тастап кетпеген.

"Мен жай ғана есікке тұрып алдым. Олар тым қатты баса-көктеп кірмесе екен деп үміттендім", — деді ол.

Пьердің оқиға түсірілген видеодағы батылдығы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Дүкеннің артқы қабырғасында жапондық "Айдаһар добы" мультсериалындағы күшті кейіпкердің суреті болған. Осыған байланысты желі қолданушылары Пьерді сол кейіпкерге ұқсатып, "француз Гокуі" деп атап кеткен. Жексенбі күні Ницца мэрі Эрик Сиотти сатушыға қолдау білдіру үшін дүкенге арнайы барды. Ал жергілікті тұрғындар шабуыл жасағандарды анықтауға полицияға көмектесіп жатыр.

Парижде тонаушылардың әрекетінен зардап шеккен тағы бір кәсіпкерге халық қолдау көрсетті. Қаскөйлер оның байланыс дүкенін қиратып кеткен. Кәсібін небәрі үш ай бұрын бастаған Хассанның қиын жағдайға тап болғанын көрген тұрғындар оған қаржылай көмектесу үшін ақша жинай бастады. Нәтижесінде дүйсенбіге дейін 88 мың еуродан астам қаражат жиналды.

Францияның басқа қалаларында да тұрғындар тонаушыларға қарсы тұрып, өз дүкендері мен мүлкін қорғауға тырысқан. Парижде бір дүкен иесі темір таяқпен қаруланып, тонаушыларды қуып шыққан. Ал басқа бір жағдайда тұрғын үйінің терезесінен бірінші қабаттағы оптика дүкеніне басып кірмек болған адамдарға ыстық су төккен.

Сент-Этьен қаласында бір тұрғын тонаушыға шапалақпен соққы берсе, тағы бір азамат аялдаманы қиратпақ болған бұзақыны тоқтатуға тырысқан. Мюлуз қаласында ұялы телефон дүкенінің қызметкерлері де тонаушыларға қарсылық көрсетіп, сауда орнын аман алып қалған.

Елдегі тәртіпсіздік салдарынан полиция, жандармерия және өрт сөндіру қызметінің жүздеген қызметкері жарақат алды. Ресми мәлімет бойынша, шамамен 2 400 адам ұсталған.

Оқиғаға байланысты Франция билігі де қатаң шаралар қабылдауға кірісті. Президент Эммануэль Макрон тәртіпсіздікке қатысқандардың жазаланатынын және тонаушылар келтірген шығынды толық өтеуге міндетті екенін мәлімдеді. Ал премьер-министр Себастьян Лекорню елдегі тәртіпті қалпына келтіру үшін құқық қорғау органдары ауқымды операция бастағанын хабарлады. 

Еске салсақ, Франция мен Италияда бағаның өсуіне наразы халық қалада өрт қойып, жаппай тәртіпсіздік орнатқан еді. Наразылық акцияларына шамамен 550 мың адам қатысты. Париж, Марсель және бірқатар басқа қалаларда шеруге шыққандарды тарату үшін құқық қорғау органдары су атқыш машиналар мен көзден жасаурататын газ қолданды. Ал кейбір қалаларда тәртіпсіздіктер кезінде өрт қою және тонау оқиғалары тіркелді.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 12:12