СҚО-да белгісіз тұнбаны ішкен екі адам көз жұмды: Тағы біреуі ауруханада жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында құрамы белгісіз тұнбаны ішкен үш ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, екеуі сонда көз жұмды. Үшіншісінің жағдайы әлі де өте ауыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
СҚО Жедел медициналық көмек көпбейінді қалалық ауруханасы ауруханасының мәліметінше, үш ер адам демалыс күндері улану белгілерімен түскен.
“Оларды алып келгендердің айтуынша, ер адамдар түскі уақытта қайдан алынғаны белгісіз тұнбаны ішкен. Үшеуінен де бірдей белгілер байқалған: тыныс алуы қиындап, айналасындағылармен байланыс орнату қабілеті бұзылған. Ал олардың бірінде бірнеше рет құсу болған. Өкінішке қарай, науқастардың екеуі қайтыс болды. Бірі ауруханаға түскен күні, екіншісі үшінші тәулікте көз жұмды. Үшінші ер адамның жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысып жатыр”, – деді аурухана өкілдері.
Дәрігерлер өзге тұрғындарға осындай жағдайдан сақ болуға шақырды.
“Бұл ақпаратты не үшін жариялап отырмыз? Адамдарды өлімге әкелуі мүмкін қауіптен ескерту үшін. Құрамы мен қайдан алынғаны белгісіз сұйықтықтар, тұнбалар мен қоспалардың құрамында ауыр улануға әкелетін заттар болуы мүмкін. Сусынды немесе тұнбаны үйде өзіңіз дайындағаныңыз оның қауіпсіз екенін білдірмейді. Құрамындағы заттардан, мөлшерінен немесе дайындау тәсілінен кеткен қателік ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Тәжірибе жасап көремін деп өміріңізді қатерге тікпеңіз. Кейде оның салдарын түзету мүмкін болмайды”, – деп ескертті мекеме.
Аурухана мамандары құрамы белгісіз сұйықтықтарды ішпеуге, уланудың алғашқы белгілері байқалса, дереу дәрігерге жүгінуге кеңес берді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауыр ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскен еді. Кейін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты
