Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымызды тамақтандыруға шамамыз жетпейді": Ақтөбеде зауыт жұмысшылары ереуілге шықты

Зауыт
Фото: holanews

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, жаппай наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, өндірістік жоспар ұлғайғанымен, еңбекақы бірнеше жылдан бері өспеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hola News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жұмысшылардың сөзінше, зауыт қызметкерлерінің көбі айына 380-400 мың теңге алады. Ал балқытушылардың жалақысы 500-600 мың теңге шамасында. Кейбір қызметкерлер табысының бұрынғыдан да азайып кеткенін айтып шағымданды.

"Үш жылдан бері бір жалақыны алып келеміз. Азық-түлік қымбаттап кетті. Балаларымызды дұрыстап тамақтандыруға да шамамыз жетпей жатыр. Сондықтан бәріміз осында жиналдық", – деді жұмысшылардың бірі.

Зауыт қызметкерлері еңбек демалысына шығудың да қиындағанын айтып, басшылықтан қордаланған мәселелерге жауап беруді талап етті.

Наразылық білдірген жұмысшылардың алдына "Қазхром" трансұлттық компаниясының бас директоры Ержан Абдулабеков шықты.

Оның айтуынша, кәсіпорынның кокс пен электр энергиясына жұмсайтын шығыны өсіп жатыр. Ал өндірілетін өнімнің бағасы өзгермеген. Бас директор жалақыны көтеру мәселесі арнайы келісуді қажет ететінін, себебі компаниядағы мемлекеттің үлесі 40% екенін айтты.

Ержан Абдулабеков жұмысшылардың жалақысы жаңа жылдан кейін көтерілетінін де жеткізді. Алайда қанша теңгеге өсетіні әзірге белгісіз. Нақты мөлшері кәсіпорынның жыл соңындағы жұмыс қорытындысына қарай анықталмақ.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 11:10