Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ бөлімі 100 баллмен грантқа түсе алмай, орыс тобы 83 ұпаймен өткен: Оқушыларға қойылған талап желіде дау тудырды

талапкер
Фото: gov.kz

Еліміздегі Республикалық физика-математика мектебіне қабылдау нәтижесі қоғамда дау тудырды. Желі жұрты қазақ және орыс бөлімдері арасындағы өту балдарының айырмашылығын әділетсіз деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бәрі неден басталды?

Желі қолданушыларының айтуынша, қазақ бөліміне түсу үшін талапкерлер орыс бөліміне қарағанда 10–15 баллға жоғары нәтиже көрсетуі керек. Олар мұны әділетсіз шешім деп бағалайды.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, Астанадағы Республикалық физика-математика мектебіне түсу үшін қазақ бөліміне 114 балл жинау қажет. Ал орыс бөліміне 97 балл жеткілікті. Ал Алматыда қазақ бөліміне өту балы 100 болса, орыс бөлімінде 83 баллмен қабылданғандар бар. Осылайша екі қалада да қазақ және орыс бөлімдері арасындағы айырмашылық шамамен 17 балл болды.

нәтиже
Фото: Threads скрин

Сонымен қатар қолданушылар қазақ бөліміндегі грант санының қысқаруына да қарсы шықты. Мәселен, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде 2025 жылы қазақ бөліміне 162 грант бөлінсе, биыл оның саны 120-ға дейін азайған. Демек 42 орын қысқарған.

Ал орыс бөлімінде грант саны 99-дан 78-ге төмендеген. Бұл — 21 орынға аз. Астанада да қазақ бөліміндегі орындар қысқарып, орыс бөліміндегі грант саны көбейген.

Министрлік не дейді?

Оқу-ағарту министрлігі Республикалық физика-математика мектебіндегі гранттарды бөлу нәтижесіне қатысты пікір білдірді.

Министрлік мәліметінше, конкурстық іріктеу оқыту тіліне қарамастан бірыңғай академиялық талаптар негізінде жүргізілген. Барлық қатысушыға конкурсқа қатысу үшін тең мүмкіндік берілген.

“Білім гранттарының саны мен конкурстық орындар мектеп филиалдарының сыныптарды жасақтау мүмкіндіктерін ескеріп анықталды. Өту балы конкурс жарияланған кезде алдын ала бекітілмейді және белгіленбейді. Ол қабылдау емтихандарының қорытындысы, қатысушылардың жалпы нәтижесі мен конкурстық орын санына қарай қалыптасады. Мұндай тәсіл барлық үміткер үшін объективтілік, бәсекелестік және тең мүмкіндік қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған”, – делінген хабарламада.

Министрлік конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігіне қатысты келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды талдап жатқанын мәлімдеді. 

“Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады. Қажет болған жағдайда материалдарды қосымша зерделеуге сала мамандары мен сарапшылар тартылады. Жүргізілген талдау мен қабылданған шешімдердің қорытындысы туралы ақпарат қосымша жарияланады. Мәселе бақылауда”, – делінген хабарламада. 

Қазақстандықтар не дейді?

Бұл жағдайға әлеуметтік желі қолданушылары мен ата-аналар арасында наразылық күшейді. Олардың сөзінше, қазақ бөлімінде жоғары балл жинаған кейбір оқушылар грантқа іліге алмаған. Ал орыс бөлімінде төменірек ұпай алған талапкерлер мектепке қабылданған.

“Кеше Республикалық физика-математика мектебіне қабылдау нәтижелері шықты. Астана қазақ бөліміне шекті бал 114, орыс бөліміне 97. Алматы қазақ сыныптары 100, орыс бөлімі 83. Енді сұрақ? Неге қазақ сыныбының оқушылары қиналу керек? Неге орыс сыныбында оқыған бала грантты оңайырақ алады? Бұрын Назарбаев зияткерлік мектебінде де осылай әділетсіздік болған. Кейін олар бәріне бір грант беретін болды. Мына физика-математика мектебі әлі осылай жасап отыр. 83 пен 100-дің ортасында қазақ бөлімінде 100 шақты бала грант ұта алмады. Әрбір балл маңызды”. 
пікір
Фото: Threads скрин

“Сонда қазақ мектебінде оқитын балалар физика-математика мектебіне Астанада ең төменгі шектеу 0 114 балл алып өтсе, орысша оқитындар 97 балмен өтіп кеткен. Алматыда Қазақша оқитындар ең төменгі 100 балл алып өтсе, орысша оқитындар 83 балмен қабылданған. Сұрақ: Қазақша оқитын білімді балалардың жазығы не??? Орыс мектебінде оқымағаны ма? Бұл сорақылықты, әділетсіздікті, балалардың құқын бұзуды тоқтату керек!!! Ата-аналар, талап етейік!”. 

пікір
Фото: Threads скрин
“Тест бәрінде бірдей. Неге онда қазақ тілді бала 100 балмен физика-математика мектебіне түсе алмайды. Ал орыс тілді бала 83 балмен-ақ түсіп тұр? Не деген әділетсіздік? Орыс сыныптарын азайту керек. Көршім бар Қытайдан келген қандастарымыз. Баласын 2 жыл бойы дайындап, Назарбаев зияткерлік мектебіне түсе алмай қалды. Себеп: орыс тілінен 70 бал ғана жинаған, қалған сабақтары 90%-тен жоғары. Орыс тілін қанша оқысақ та, түсіне алмай қойды балам деп ашынып отыр. Бала 39 лицейде оқиды. Қазақша-ағылшынша сайрап тұр, балаға обал болды, жаным ашып отыр”. 

"Республикалық физика-математика мектебіне қабылдау нәтижесі шығып, қуанып және мұңайып жатырмыз. Кей оқушыларым түсіп, кейбірі түсе алмады. Осы жағдайда орыс тобына бал 83 болғаны қынжылтады. Бұл мектеп алдағы уақытта орыс-қазақ деп бөлмей, Назарбаев зияткерлік мектебі секілді алғашқы орындарды алғаны дұрыс болар еді. Сонымен бірге орыс сыныбына бөлінген грант мөлшері жалпының 40%-ын құрайды екен. Ал барлық оқушылардың ішінде тапсырған орыс сыныбының оқушылар мөлшері 40% емес. Сондықтан осы жағы әділетсіздік деп білемін”.

пікір
Фото: Threads скрин

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мигранттарға қойылатын талап күшейтілгені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 16 Мамыр, 2026 17:18