Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қатардың бұрынғы әмірі 74 жасында қайтыс болды: Тоқаев көңіл айтты

Бұрынғы әмір Тоқаев
Фото: Қатар әмірінің кеңсесі\Ақорда

Қатардың бұрынғы әмірі, ресми түрде "Әмірдің әкесі" атағын иеленген шейх Хамад бен Халифа Әл Тани 74 жасында жексенбі күні таңертең қайтыс болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Тағдырдың Алланың қалауымен болатынына иман келтіре отырып, Қатар әмірінің кеңсесі ел үшін орны толмас ауыр қайғыны – Мәртебелі Әмірдің әкесі шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің дүниеден өткенін өкінішпен хабарлайды. Алла оған рақымын жаудырсын", – делінген ресми мәлімдемеде.

QNA басылымның мәліметінше, Қатар әмірінің кеңсесі Мәртебелі Әмірдің әкесі шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты елде 2026 жылғы 12 шілдеден бастап төрт күндік жалпыұлттық аза тұту жариялады.

2026 жылғы 13 шілдеден бастап барлық министрліктердің, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Қызметкерлер 19 шілде, жексенбі күні жұмысқа қайта оралады.

Аза тұту кезеңінде ел аумағындағы барлық мемлекеттік ту төмен түсіріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы әмірдің қазасына байланысты Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге көңіл айту жеделхатын жолдады. Ол жеделхатта Қатар Мемлекетінің бұрынғы әмірі, әмір-әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің өмірден озғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жазды.

Президент Қатар әмірінің және оның әулетінің, сондай-ақ отандастарының қайғысына ортақтасып көңіл айтты.

“Шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни – Қатардың өсіп-өркендеуіне және халқының баянды болашағын қамтамасыз етуге тарихи үлес қосқан, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға риясыз қызмет еткен біртуар қайраткер. Қазақстандықтар әкеңіз шейх Хамад бен Халифаны парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайтын болады", – делінген жеделхатта.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 12 Шілде, 2026 19:14