АҚШ пен Иран бір-бірінің нысандарына соққы жасай бастады

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазын жапқаннан кейін Иран аумағындағы нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы CENTCOM X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
АҚШ мәлімдеуінше, бұл соққылардың мақсаты – Иранның Ормуз бұғазы арқылы жүретін азаматтық және жүк кемелеріне шабуыл жасау мүмкіндігін азайту. CENTCOM-ның хабарлауынша, әскери операция АҚШ президенті әрі Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының бұйрығымен жүргізіліп жатыр.
Иранның мемлекеттік телерадио компаниясы IRIB-тің мәліметінше, елдің оңтүстігіндегі Ассалуйе, Конарек, Бендер-Аббас, Сирик және Чахбехар қалаларында, сондай-ақ Кешм аралында жарылыстар болған.
"АҚШ Иранның радиолокациялық жүйелеріне, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының қоймаларына, сондай-ақ зымыран ұшыру қондырғыларына соққы жасап жатыр", – деп хабарлады Axios басылымының тілшісі Барак Равид.
АҚШ шенеунігінің мәліметінше, соққы жасалып жатқан нысандардың қатарында әуе кеңістігін бақылайтын радиолокациялық станциялар, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының қоймалары, зымырандар мен дрондарды ұшыру алаңдары, теңіздегі жағдайды бақылайтын радиолокациялық станциялар және әуе шабуылына қарсы зымыран кешендерінің ұшыру қондырғылары бар.
Бұған дейін АҚШ Тегераннан коммерциялық кемелерге шабуылдарды тоқтатуды ресми түрде жариялауды талап етті. Болмаса, Иранға қарсы 1000 зымыран дайын тұр деп ескертті.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді
Оқыңыз