SPA-да аяғына шам құлаған қазақстандықты қызметкерлер "алаяқ" деп айыптады

Алматылық Әйгерім Дәулетқызы SPA-ға демалуға барып, оқыста жарақат алған. Алайда орталық қызметкерлері жәбірленушіні алаяқ деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқыс жағдай 6 маусым күні Rixos қонақүйінің SPA орталығында болған. Әйгерім алдымен бассейнде жүзіп, кейін хамамға қарсы тұрған екінші саунаға жылынуға кірген.
“Сауна іші қатты ыстық болмағандықтан, тастардың жанына жақынырақ көзімді жұмып жаттым. Сол сәтте үстіме ағаштан жасалған қабырға шамы құлап кетті. SPA-да ылғалдылық жоғары болғандықтан, шамның өзі ылғал тартып ауырлаған болса керек. Көлемі де үлкен еді. Шамға тимедім, неліктен құлағанын білмеймін. Менің жан даусым шығып, саунадан шығып кеттім. Мұны хамамда жұмыс істейтін қызметкер көріп, жағдайымның қаншалықты ауыр екенін деп сұрады. Мен әкімшіні шақырыттым”, – дейді жәбірленуші.
Әкімшілік келіп, аяғына мұз басып, "жедел жәрдем шақыру қажет пе" деп сұраған. Алайда бұған дейін мұндай жағдайға тап болып көрмеген Әйгерім өзі басылар деп ойлап, бас тартқан.
“Бірақ ауырсыну басылмай, аяғым ісіне бастады. Сол кезде жедел жәрдем шақыру керек екенін түсіндім. Олар жедел жәрдем шақырып, мені Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізді. Онда аяғымды рентгенге түсірді. Дәрігерлер менен: "Rixos-қа қатысты шағымыңыз бар ма?" деп сұрады. Мен "егер "иә" десем, не болады" деп сұрадым. Олар ондай жағдайда 102 қызметкерлерін шақыратынын айтты.
“Сол сәтте қатты шок алып қалған едім. Уақыт та кешкі сағат 11-ге таяп қалған, тек үйге қайтқым келді. Сондықтан "қажет емес" деп жауап бердім. Дәрігерлер аяғымды таңып берді. Содан кейін әкімшіден мені қайтадан Rixos-қа дейін жеткізетін такси шақырып беруін өтіндім, себебі көлігім сол жерде еді. Сондай-ақ болған жағдайды түсіндіріп, келесі күні менімен менеджердің байланысуын сұрадым”, – дейді ол.
Алайда келесі күні Әйгерімге ешкім хабарласпаған. Өзі қоңырау шалып, мән-жайды сұрауға мәжбүр болған. Ол орталыққа хабарласып дәрігер жазып берген барлық дәрі-дәрмек пен балдақ беруін өтінген. Бірақ олар алдымен ішкі қызметтік тексеру жүргізуі керек екенін айтты.
Ішкі тексеру екі аптаға созылды. Осы уақыт ішінде дәрігерлерге өз қаражатымен қаралып, барлық дәрі-дәрмекті өзі сатып алған. Ал балдақтарды туыстарым тауып берді дейді ол.
Сондай-ақ Әйгерім орталық қызметкерлерінен өзінің үстіне құлаған шаммен не істегендерін сұраған. Олар келесі күні ағаш ұстасы келіп, оны мықтап қайта бекітіп кеткенін айтқан.
“Екі аптадан кейін бас менеджер Құралаймен, қауіпсіздік бөлімінің менеджерімен және SPA менеджерімен кездестім. Әңгімелесуден соң олар мені “алаяқ” деп таныды. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Мен сотқа дейінгі талап-арызды тапсырысты хат арқылы жолдадым. Біраз уақыттан кейін олардан жазбаша жауап келді. Онда бұл оқиғаға өзім себепкер болғаным, яғни жағдайды өзім арандап қалғаным көрсетілген екен. Қазір осы жағдайдан кейін әбден еңсем түсіп жүр. Мен олардан ақшалай өтемақы сұраған жоқпын. Тек физиотерапиялық ем-шаралар мен дәрі-дәрмек беруін сұрадым. Емді қай жерде қабылдайтынымды өздері ұйымдастырып, қажетті көмекті көрсетсе деген өтінішім болды. Бірақ өтінішім ескерусіз қалды. Олар кешірім ретінде маған жеміс салынған себет жібергісі келді. Алайда мен одан бас тарттым”, – дейді Әйгерім.
Ол осындай оқыс жағдайға тап болған жағдайда адамдар өз құқығын білгенін қалайды.
“Осындай жағдай орын алса, міндетті түрде 102 қызметін шақырып, барынша сақ болған дұрыс. Өйткені менің орнымда кішкентай бала болуы да мүмкін еді. Балалардың сүйектері нәзік келеді. Егер әлгі шам баланың аяғына емес, басына құлаған болса, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін еді”, – дейді жәбірленуші.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді