Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда бес жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ерекше жасырын орыннан табылды (видео)

Қуысқа тығылған күдіктіВидеодан скрин

Қарағандыда шамамен бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталды. Ол ірі көлемде ақша бопсалау ісі бойынша күдікті деп танылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қарағанды облыстық полиция департаменті 43 жастағы күдікті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталып, ұсталғанын мәлімдеді. Арнайы операция Қарағанды қаласындағы жеке үйлердің бірінде жүргізілген.

Полицияның мәліметінше, үйде жүргізілген тінту барысында төменгі бөлігінде шағын есігі бар ванна табылып, бұл полицейлердің назарын аударған. Артынша ваннаның артындағы қуыс жер асты бөлмесіне апаратыны, ол жерде іздеуде жүрген ер адам жасырынғаны анықталды. 

"Ол осы жасырын орынға еңбектеп кіріп-шығып жүрген, ішкі жертөледе күдіктінің төсек-орны және барлық қажетті заттары болған. Сырт көзге кәдімгі ванна сияқты көрінеді. Ал оның артында толыққанды жасырын орын болған", – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қала тұрғынынан қорқыту арқылы 117 миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінген.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 21:27