Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қала әкімі Азамат Бекет Құрылтай сайлауына отбасымен бірге келді

Таңертең сағат 8:00-де Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Құрылтай сайлауына зайыбымен және балаларымен келіп, өз таңдауын жасады. 

Отбасы Түргенев көшесіндегі №30 орта мектепте орналасқан №46 сайлау учаскесінде дауыс берді. Қала басшысы ақтөбеліктер Құрылтай сайлауында бірлікті көрсетіп, өз таңдауын жасайтынына сенім білдірді.

“Қала бойынша 353 901 сайлаушы бар. Оның ішінде 1679 адам мүмкіндігі шектеулі жандар. Бүгін 179 сайлау учаскесі жұмыс жасап тұр. Одан бөлек үйден дауыс беру реттері де ұйымдастырылды. Сайлау учаскелерінде барлығы талапқа сай жабдықталды. Тұрғындардың келіп дауыс беруіне ешқандай кедергі жоқ. Сайлау учаскелерінің үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін бүгін коммуналдық кәсіпорындар, байланыс қызметтері күшейтілген режимде кезекшілікке шығарылды. Қала учаскелерінде бүгін 1467 адам жұмыс істеп жатыр. Таңнан бастап аяғынан тік тұрып, жұмысқа кіріскен барлық комиссия мүшелеріне алғысымды айтамын. Құрылтай сайлауы – бұл жай ғана дауыс беру емес, еліміздің, сүйікті қаламыздың алдағы жылдардағы даму бағытын айқындау. Бүгін біз отбасымызбен келдік. Еліміздің болашағы үшін дауыс беруді азаматтық борышым деп білемін. Әрбір қала тұрғынын сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырамын. Ақтөбе жұрты ауызбіршілік танытады, белсене қатысады деп сенемін. Береке-бірлігіміз артсын, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын”, – деді Азамат Бекет. 

Сондай-ақ бүгін қаланың сайлау учаскелерінде шағын жәрмеңкелер, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Қала әкімі жәрмеңкеден жергілікті өнімдер сатып алып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетті.

№46 сайлау учаскесінде тіркелген сайлаушылар саны - 2283. Бірінші рет дауыс берушілер – 7 жас. 15 сайлаушы үйден дауыс береді, оның мүмкіндігі шектеулі жан. Оларға учаскеден сағат 12-де барады. 

Айта кетейік, Ақтөбеде сағат 07.00-де 179 сайлау учаскесі ашылды. Қаланың 353 901 тұрғыны дауыс беру құқығына ие. Алғаш рет дауыс беретін жастардың саны - 3973.

Қала тұрғындарына сайлауға қатысу үшін жағдай жасалды. Бүгін Ақтөбеде 46 бағыттың барлығында да қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетеді.
 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 23 Тамыз, 2026 13:12