Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз": Тоқаев Бельгияда тұратын қазақстандықтармен кездесті

Тоқаевпен кездесу
Фото: akorda.kz

Брюссельге ресми сапармен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Бельгияда білім алып, жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтарымен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында отандастарымызды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. 

"Жалпыхалықтық референдумда халқымыз бірауыздан, біртұтас қоғам болып Конституциямызды қолдады. Өте керемет құжат, 1 шілдеде күшіне енеді. Ата заңымыз халқымыздың темірқазығы болады. Сондықтан баршаңызды шын жүректен жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын", – деді президент. 
Тоқаевпен кездесу
Фото: akorda.kz

Сонымен қатар президент шетелде білім алып, жұмыс істеп жүрген отандастарымызға қолдау білдірді.

"Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды бірнеше шет тілін меңгеруге шақырды. 

Кездесу соңында президент Бельгияда тұратын студенттер мен Қазақстан азаматтарына табыс тіледі.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Брюссельге ресми сапармен барғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2026 22:12