Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қабырға асты тесілген": Сәтбаев тұрғыны іш қуысындағы сұйықтықты сорып алу процедурасынан кейін көз жұмды

Виталий Вовленко
Фото: Жеке архивтен

53 жастағы Сәтбаев қаласының тұрғыны Жезқазғандағы облыстық көпсалалы ауруханада бірнеше рет іш қуысындағы сұйықтықты сорып алу процедурасын жасатқаннан кейін көз жұмды. Марқұмның туыстары дәрігерді кінәлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Виталий Вовленконың жақындарының айтуынша, ол ауыр дертпен бір жылға жуық күресіп келген. Алайда наурыз айының соңында болған оқиғалар қайғылы аяқталды.

Алдымен – С гепатиті, кейін – цирроз, соңында – бауыр обыры диагнозы қойылған. Отбасы Қазақстанда, кейін Қытай мен Үндістанда емделу мүмкіндіктерін іздеген. Үндістанда Виталий бірнеше ем курсынан өтіп, ісік көлемі кішірейген, дәрігерлер оны бауыр трансплантациясына үміткер ретінде қарастыра бастаған.

Марқұмның әйелі Юлия Зайцева күйеуінің соңғы айларын емханада өткенін еске алды.

"Ол бір күн де берілмеді. Қатты ауырған кезде де бәрі жақсы деп айтатын", – дейді Юлия.

14 наурызда ерлі-зайыптылар Үндістаннан елге оралған, екі күннен кейін көптен күткен хабар жеткен. Ай соңында Үндістанға ұшып, трансплантация жасалуы керек болған. Науқасқа Жезқазғандағы облыстық көпсалалы ауруханасында әдеттегі іш қуысындағы сұйықтықты алып тастау процедурасы жасалуы керек болған.

"Ол бұл процедураны жеті-сегіз рет жасаған. Әдетте барлығы жақсы өтетін, сол себепті мүлдем алаңдамадық, – дейді Юлия.

Процедура Жезқазғанда жасалған. Дәл содан кейін, әйелдің айтуынша, жағдай күрт нашарлаған.

"Іш қуысындағы сұйықтықты алып тастау үшін қабырға асты тесілген. Сұйықтық толық алынбаған, орнын тігіп оны үйге жіберді. Жолда жағдайы нашарлап, ауырсыну мен қалтырау басталды", – дейді ол.

Келесі күндері Виталийдің жағдайы одан әрі нашарлаған. Ауырсыну күшейіп, тесілген жер қабынған. Қан қысымы күрт төмендеген кезде Юлия жедел жәрдем шақырған.

"Алғашында ауруханаға жатқызудан бас тартты. Тасымалдау қауіпті деді. Тек екінші шақыртудан кейін ғана алып кетті", – дейді ол.

Әйелдің сөзінше, қабылдау бөлімінде бірден көмек көрсетілмеген. Әйел госпитализацияға тек полиция араласқаннан кейін қол жеткізілгенін айтады. 

"Хирург тесілген орынды ашқанда, одан жағымсыз иісі бар зат шықты. Сол кезде ішек зақымданғаны айтылды", – дейді Юлия.

31 наурызда Виталий Сәтбаевтан Жезқазғанға ауыстырылып, операция жасалған. Бірнеше күн реанимацияда болған. 5 сәуірде қайтыс болды. Алдын ала себеп ретінде ағзаның интоксикациясы көрсетілген.

Юлия Зайцева істі мұқият тергеуді талап етеді. Оның айтуынша, мәселе өтемақыда емес, мұндай жағдайдың қайталанбауында.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы отбасының өтініші медициналық мекеме деңгейінде қаралғанын хабарлады. Ішкі тексеріс нәтижесінде процедураны жүргізген дәрігерге хирургиялық көмекті көрсету стандарттарын сақтамағаны үшін сөгіс берілген.

Сонымен қатар, сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Нәтижесіне қарай қосымша шешімдер қабылдануы мүмкін.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті өтініш 7 сәуірде түскенін нақтылады. Өтініш берушіге келесі әрекеттер тәртібі түсіндірілген. Ведомство толық құжаттар ұсынылғаннан кейін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жоспардан тыс тексеру тағайындауға дайын.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 22:21