Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Путиннің сапарынан кейін Вьетнам АҚШ-ты стратегиялық серіктес деп атады

Вьетнам Сыртқы істер министрі Буй Тхань Шон Америка Құрама Штаттарын өз мемлекетінің стратегиялық серіктесі деп атады. Министр мұны АҚШ Мемлекеттік хатшысының Шығыс Азия және Тынық мұхиты істері бойынша көмекшісі Дэниел Кинтенбринктің Ханойға сапары кезінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Nvspost.ru

Америкалық шенеунік Вьетнамға Ресей президенті Владимир Путиннің сапарынан кейін барды. Вьетнам Сыртқы істер министрі АҚШ Мемлекеттік департаментіне наурыз айында Вашингтонда өткен екі елдің сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуін ұйымдастыруға ықпал еткені үшін алғыс айтты.

Ол Вьетнам Америка Құрама Штаттарын стратегиялық маңызды серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Сонымен қатар АҚШ-пен аймақта және бүкіл әлемде бейбітшілікті, тұрақтылықты, ынтымақтастық пен дамуды ілгерілету үшін жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.



Кинтенбринк, Америка Құрама Штаттары Вьетнамды қолдауға және сауда мен инвестициядан қауіпсіздікке дейінгі салаларда ынтымақтасуға мүдделі екенін айтты. Шенеуніктер екіжақты қарым-қатынасты дамытудың нақты бағыттарын талқылады.

Ресей президенті Владимир Путин Вьетнамға 20 маусымда КХДР сапарынан кейін барды. Ол Вьетнам президенті То Ламмен және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесіп, одан әрі ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізді. Вьетнамның жоғары лауазымды шенеуніктері де Вьетнам мен Ресей арасындағы серіктестікті стратегиялық деп атады.

Талқылау