Путиннің мәлімдемесінен кейін ресейліктер Астана мен Алматыға ұшақ билеттерін талап әкеткен
Владимир Путиннің жартылай мобилизация туралы мәлімдемесінен кейін ресейліктер шетелдерге жаппай билет ала бастаған. Қазір Мәскеуден Алматыға тура ұшатын рейске билет қалмаған, ал Красноярск арқылы ұшатын рейске билет 500 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар өзге елдерге ұшу билетінің құны да шарықтап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі The Village басылымына сілтеме жасап.
Мәскеуден Дубайға ұшатын рейске де билет таусылып қалған. Ал 22 қыркүйекке арналған билет құны 42 мың рубль немесе 334 мың теңгеден басталады.
"Мәскеуден Тбилисиге тура рейстерге билеттің жоқ екені белгілі. Әдетте мұнда ұшу құны 15-20 мың рубльден басталады. Путиннің мәлімдемесінен кейін баға 3-5 есеге өскен. Мәселен, Мәскеуден Астана арқылы Тбилисиге ұшу 56 мың рубльден басталса, Ереван арқылы ұшу құны 100 мың рубльден жоғары", – делінген хабарламада.
Мәскеуден Ереванға ұшатын рейсте билет тек бизнес-класта қалған. Ал құны 77 мың рубльден басталады.
Басылым мәліметінше, әдетте, Ереванға тура рейстің бағасы 7-15 рубльден аспайды. Күнбе-күн сатып алса, 30 мың рубль болады.
Ыстамбұлға арналған рейстер бар, алайда билет құны 70 мың рубльден басталады екен. Ал Антальяға ұшатын рейстерде билет 75 және 121 мың рубльден басталады.
Мәскеуліктер үшін Астанаға тікелей рейс билеттері мүлдем қолжетімсіз болып қалды.
Ресейлік БАҚ беттерінде кейбір аймақтарда Мәскеуден көрші елдердің астаналарына тікелей билеттер сатылымнан жоғалып кеткені туралы ақпарат пайда болды.
"Верстка" Telegram арнасы Aviasales веб-сайтындағы скриншоттарды көрсетіп, ондағы іздеу жүйесінде 21 қыркүйекке Мәскеуден билеттер табылмағанын жазған.
"Мәскеу уақытымен түс кезінде Мәскеуден Ташкентке, Бакуге, Бішкек пен Астанаға тікелей билеттер сатылымнан жоғалып кетті. Тасымалдау арқылы ұшу мүмкіндігі әлі де бар", - делінген ақпаратта.
ИА "NewTimes.kz" сайты Air Astana мен Fly Arystan сайттарында ұшатын жерді таңдағанда Мәскеудің мүлдем шықпайтынын айтады.
Ал Scat әуе компаниясының сайтында Мәскеу-Астана бағыты бойынша билеттер тек 24 қыркүйектен бастап қолжетімді.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин әскердің бір бөлігін мобилизациялау (мемлекеттің қарулы күштерін бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшіру) туралы қаулыға қол қойған еді.
Оның сөзінше, бұл Ресейдің егемендігі мен біртұтастығын сақтау үшін жасалған. Сонымен қатар әскери қызметке барлық азаматтар емес, запастағы әскерилер шақырылады.
"Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың Ресейде ішінара жұмылдыру жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын қолдау қажет деп санаймын", – деді Путин.