Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайынмын – Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский бұл украиналықтарға бейбітшілік әкелудің жалғыз жолы болса, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер үстеліне отыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Украинская правда" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Getty Images
"Егер бұл украиналықтар үшін бейбітшілікке қол жеткізудің және адамдарды жоғалтпаудың жалғыз жолы болса, әрине, біз бұған барамыз", – деді Зеленский британиялық журналист Пирс Морганға берген сұхбатында.
Сонымен бірге Зеленский бұл жағдайда оның Кремль басшысына деген жеке көзқарасы маңызды емес екенін атап өтті.
"Оны жау деп санаймын. Шынымды айтсам, ол да мені жау деп санайды деп ойлаймын", – деді Зеленский.
Мемлекет басшысы қазір Украина барлық аумағын қайтара алмайтынын және "нәтижесі белгісіз мақсат үшін миллиондаған адамды құрбан ете алмайтынын" айтты.
Украина басшысы елдің соғыста өмірін қиған адамдар алдындағы антын бұза алмайтынын және Конституцияны бұзып, басып алынған аумақтарды Ресейдің жері ретінде мойындай алмайтынын қоса айтты. Бұдан бөлек Зеленский соғыс қимылдары жүріп жатқан кезде Украинада сайлау өткізу мүмкін емес екенін тағы да растады.
Еске салайық, бұған дейін президент Владимир Зеленский америкалық Associated Press ақпарат агенттігіне бір сағаттық сұхбат беріп, Ресей елді жаппай басып алуға жақын екенін айтты. Сонымен бірге ол Украина өкілдерінің қатысуынсыз соғысты тоқтату туралы келіссөздер идеясының өзін қауіпті деп атады.