Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Путин үшін 14 жылға сотталдым": Мұхтар Жәкішев ресейлік компаниямен болған жанжал мен өзінің қамалуы туралы айтты

Қазақстандық кәсіпкер және "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев украиндық танымал журналист Дмитрий Гордонға сұхбат берді. Әңгіме барысында ол өзінің сотталуына Ресей президенті Владимир Путиннің қандай қатысы бар екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жакишев - Путин

Жәкішев сөзінде өзінің басшылық еткен уақытында "Қазатомпром" компаниясының әлемдегі жетекші кәсіпорынға айналғанын айтады. Сондай-ақ оның сөзінше, кез келген келісімшарт жасайтын уақытта ол саясат жайлы емес экономикалық пайда жағын бірінші ойлаған. 

Кәсіпкер сондай-ақ жапондық "Toshiba" компаниясына ресейлік компаниямен жұмыс істеуге алғаш өзі ұсыныс жасағанын еске алады. Жапондықтар алғашында Ресей компаниясымен серіктес болуға қарсылық танытқанымен, Жәкішев оларды көндіреді.

"Кириенконы (Сергей Кириенко – ред.) "Toshiba-ның" президентімен таныстырдым. Алайда ресейліктер бізді жолда қалдырып, келісімді өздеріне ыңғайлы етіп жасағысы келді. Алайда біздің келісіміміз мүлде басқа болған, яғни Ресейде сол жылдары уран шығару тоқырап тұрғандықтан біз оларға уранды шығаруға көмектесеміз, есесіне олар бізге уранды байытуға көмектеседі деп келіскенбіз. Екі елдің де табысы тең болады деп көзделген", - деп түсіндіреді Жәкішев.

Кәсіпкер ресейлік компаниямен арадағы алғашқы даудың қалай басталғанын айтып берді.



"Санкт-Петербургке барғанымда мен тоқтаған қонақ үйге Кириенко (Сергей Кириенко – ред.) мен Смирнов (Владимир Смирнов – ред.) келді. Олар тезірек қол қою керек деп келісімшарттың қағазын алып келді. Ал шартта Қазақстан уранды шығару үшін бірлескен кәсіпорын құрады, алайда Ресей тарапы уранды байыту кәсіпорнын құруды қарастырады деп жазылған. Мен бірден қол қоймайтынымды айттым. Бірақ олар "Путинге ескертіп қойдық, қол қоюымыз қажет әйтпесе ертең дау болады" деп айта бастады. Алайда мен "Путин менің президентім емес, ол сендердің басшыларың, сондықтан бұл келісім бізге пайда әкелмейді" деп жауап бердім", - дейді кәсіпкер.

Осыдан кейін Жәкішевті Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев шақырып, содан кейін Владимир Путинмен кездесуге барған. Жәкішев кездесуде Путиннің өзіне дауыс көтере сөйлегенін айтады.

"Путин мені жақсы менеджер болсам да саясатты түсінбейтінімді айтып, бұл келісімнің саяси келісім болғанын айтып жатты. Маған тіке қарап, жоғары дауыспен айқайлап сөйлей бастады. Мен оның сөзін соңына дейін тыңдап, біздің президентке қарадым да, "екі елдің арақатынасы қандай, тең құқылы ма" деп сұрадым. Ол теңқұқылы екенін айтты. Сол кезде мен бұл келісімшарттың теңқұқықтық қатынасқа сәйкес келмейтінін айтып түсіндірдім. "Егер мені қол қоюға мәжбүрлесеңіз, мен жұмыстан шығу үшін арыз жазамын, өйткені бұл құжатқа қол қоймаймын" дедім", - деп қосты Жәкішев.

Айтуынша, оқиға осымен аяқталған. Алайда кәсіпкер осыдан кейін Путиннің өзіне тіс қайрап қалғанын жеткізеді. 

Жәкішев өзін Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық келісім жасалар тұста және ресейлік делегацияның Жапониядан Қазақстан арқылы қайтып келе жатқанда қамауға алғанын айтады.

"Ресейлік компания Жәкішевтің орнына келген жаңа басшымен Жапонияға барып, келісімге отырамыз деп ойлаған. Бірақ ойлары іске аспады. Оларды ешкім қарсы алмаған", - дейді Мұхтар Жәкішев.

Талқылау