Путин Қазақстанмен қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып жатқанын жоғары бағалады
Ресей президенті Владимир Путин Тоқаевпен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастың барлық бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын жоғары бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Путиннің айтуынша, былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалқанын атап өтті.
“Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар. Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеуде. Өзара уағдаластықтарды бұлжытпай орындағаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Әсіресе, гуманитарлық саладағы байланыстарымыздың жандана түскені қуантады. Қазақстандық 60 мың студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жуырда ғана Омбы қаласында Қазақстанның маңдайалды оқу орнының филиалы ашылды. Яғни барлық мәселе бойынша өзара түсіністік орнаған. Бүгін осы тақырыпты егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік туып отыр”, – деді Тоқаевтың әріптесі.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективасын, сондай-ақ өзара мүддеге сай келетін салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады.
Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бұған дейін Тоқаев Ресейді Қазақстанның басты инвестициялық және сауда серіктесі деп атаған еді. Қырғызстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин кездесті. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастық қарқынды сипат алғанына назар аударды.
Мұғалімдерді аттестаттау жүйесі мен шетелден көлік әкелу тәртібі қайта қаралады: 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді?
