Психикалық ауытқуы бар адам қалай алты баланы асырап алған – Балалардың құқығын қорғау комитеті жауап берді
Шымкентте психикалық ауытқуы бар адам алты баланы асырап алып, оларды азаптап, нәжіспен тамақтандырған. Балалардың құқығын қорғау комитеті ауытқуы бар адамның қалай бала асырап алғанына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Шымкентте ер адам асыранды балаларды азаптаған екен.
“Алты баланы бұл азамат өзінің отбасында тәрбиелеген. Екеуі асырап алынған, қалған төртеуі қамқоршылық, қорғаншылық органдарында. Баланы осы отбасыға орналастырғанда, оның құжаттары талапқа сай толық болды. Бала құқығын қорғау комитеті қазір бұл мәселені тексеріп жатыр”, – деді оқу-ағарту министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.
Сұмдық жайтты бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді.
Балалардың үлкенінің сөзінше, ер адам оларды ит-мысықпен бірге ұстап, жануарлардың зәрін ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған.
“Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әлі аяқталған жоқ. Балаларды асырап алу немесе оларға қорғаншылық, қамқоршылық тағайындау кезінде комитет қызметкерлері қателік жібергені анықталса, олар жазасыз қалмайды”, – деді балалар құқықтарын қорғау комитетінің өкілі.
Мамандар қорғаншы және қамқоршы органдарының қызметін күшейтетін заң жобасы мәжілісте талқыланып жатқанын айтты. Қазір елде қамқоршы органдарда 400 адам еңбек етеді. Оның санын көбейту сұралып отыр. Мәселен Шымкентте 450 мың баланың тұрмыс жайын қадағалауға небәрі бес қызметкер жауапты.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте бүлдіршіндерді қамқорлыққа алып, кейін оларды азаптаған отбасыға қылмыстық іс қозғалғаны айтылды.