Прокурорлар алқабилер шешімімен ақталып шыққан «Қазселденқорғаудың» бұрынғы басшысына қатысты үкімге наразылық енгізбек
Бас прокуратура Жамбыл облысының экс-әкімі және “Қазселденқорғау” мекемесінің бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаевтың ісі бойынша үкімге наразылық енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: president.kg
Көкрекбаев адамдар тобы болып аса ірі мөлшерде бірнеше рет пара алды деп айыпталған.
“07.06.2024 жылғы Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы К.Н. Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімін жариялады. Көрсетілген соттың үкіміне прокуратурамен оның күшін жою туралы апелляциялық өтінішхат келтіріледі”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдың желтоқсанында Көкрекбаевты тұтқындау кезінде 396 миллион теңге тәркілеген. Тергеу мәліметінше 800 мың доллар “Қазселденқорғау” басшысы мен оның орынбасары Әділет Ахатаевқа арналған. Сонымен қатар Bazis Construction Infr ЖШС директоры Андрей Поплавский де ұсталған еді. Тергеу дерегіне сәйкес ақшаны Поплавский төлеген, себебі оның компаниясы “Қазселденқорғау” мекемесінен ондаған миллиард теңгенің тендерін жеңіп алған.
Іс сотқа 2023 жылдың шілдесінде түсті, сонымен қатар Көкрекбаевтың өтініші бойынша іске алқабилер де қатысқан. Оны ақтап алу туралы үкімді де алқабилер шығарған.
Нәтижесінде Көкрекбаевтың орынбасары Әділет Ахатаев пен Bazis Construction Infr ЖШС директоры Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.