Прокурор Мамайды 6,6 жылға шартты жазаға тартуды және оның саяси, журналистік қызметпен айналысуына тыйым салуды сұрады
Мемлекеттік айыптаушы саясаткер – тіркелмеген Қазақстан Демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамайды 6,6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды және оған саяси және журналистік қызметпен айналысуына тыйым салуды сұрайды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде оның әйелі Инга Иманбай мәлімдеді.
"Прокурор Жанболатты 6,6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 63 бабына сүйеніп, бұл жазаны шартты түрде деп санауға шақырды. Бірақ ең қиыны мынада: прокурор Жанболатқа қоғамдық-саяси іспен, журналистикамен, тіпті әлеуметтік желілерге шығуына 6 жылға тыйым салуға шақырды. Сонымен бірге, сол мерзімде ешқандай партия, қоғамдық ұйым құруға болмайды деп мәлімдеді", – деп жазды Иманбай сейсенбіде.
- Жанболат Мамайдың соты: Прокурор белсендіге жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру айыбын қайта тақты
- Қаңтар оқиғалары мен Мамайдың ісін тергеуге келген еуропалық комиссия алғашқы мәлімдемелерін жасады
Еске салайық, Мамайға билік өкілдеріне тіл тигізіп, қасақана жалған ақпарат таратты және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыптар тағылған. Саясаткердің өзі кінәсін мойындамай, тергеуде дәлелдердің жоқтығын алға тартады.
Биылғы жылдың 26 ақпанынан бері қамауда отырған 34 жастағы белсенді 2 қараша күні үйқамаққа шыққан.
28 қазанда Жанболат Мамайдың ісі сотқа жіберілгені белгілі болған. 9 қарашада саяси белсенді Жанболат Мамайдың ісі бойынша алғашқы сот отырысы басталды.