Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Президенттің өкілеттігі қысқарады": Тоқаев Конституцияға өзгертулер енгізу жөнінде кеңес өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде жолдауда айтылған саяси бастамаларды жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін дайындалған жобаға қоғамды саяси тұрғыдан трансформациялау жөнінде берілген барлық ұсынысты ескерудің мәні зор екеніне тоқталды.

“Шын мәнінде, бұл Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың және ықпалдастықтың, жаңа саяси мәдениетті енгізудің мүлде жаңа моделіне көшкенін білдіреді. Нақты әрі толық түсінік болу үшін осы модель мен үдерісті Екінші республика ретінде белгіледім. Жаңа парадигмаға сәйкес президенттің өкілеттігі қысқарады, парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Азаматтардың қатысуы едәуір артып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаяды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты түзетулердің маңызы зор екенін айтты.

“Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейеді. Бұл шенеуніктердің өздері қабылдайтын актілердің сапасына деген жауапкершілікті арттырады деп санаймын. Конституциялық деңгейде Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз уәкілдің құзыреттері мен кепілдіктері бекітіледі. Жалпы, әзірленген өзгертулер мен толықтырулар топтамасына Жолдауда айтылған саяси бастамалар мен Конституцияға енгізілуі қажет түзетулерді іске асыруға тиісті нормалар ғана енгізілгенін атап өткен жөн. Басқа да өзекті өзгертулер конституциялық және басқа да заңдар аясында бекітіледі”, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың сылбыр жұмыс істеуіне жол берілмейтінін тағы да еске салып, соңғы үш жылда еліміздегі және әлемдегі жағдайдың түбегейлі өзгергенін айтты.

“Мемлекеттік аппарат кез келген өзекті мәселеге жедел, дер кезінде назар аударуы керек. Сондықтан Жұмыс тобы ұсынған түзетулер Үкіметке ерекше актілерді қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл дағдарыс кезінде жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді. Осы орайда, Парламенттің қарқынды жұмыс істегені өте маңызды. Депутаттар қос палатаның бірлескен отырысында заң жобаларын шұғыл қарауы керек. Жалпы, мен Жұмыс тобы дайындаған барлық өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдаймын”, – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында аз уақытта өте көп іс бітіргені үшін Жұмыс тобының мүшелеріне ризашылығын білдірді. 

“Мен бүгін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынамын. Бұл – Ата заңымыздың талабы. Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихының келесі парағын ашады деп сенемін. Мұны Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес деуге болады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау