Президент тапсырмасы: Мемлекет пен бизнес Самардағы медицинаны жаңа деңгейге көтеруде
Мемлекеттік қолдау мен бизнестің әлеуметтік инвестициясы ауыл медицинасын жаңғыртуға бағытталып жатыр.
Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасып келеді. Бұл ретте мемлекеттік қолдаумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен ауылды дамытуға бағытталған инвестициясы маңызды рөл атқарып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, тұрғындарға қаладағыдай жағдай жасауға басымдық берілген. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстар Самар ауданында да қолға алынған.
Алдағы екі жылда Самар ауданындағы медициналық ұйымдар кезең-кезеңімен жаңартылады. Аудандық орталық аурухана қайта жаңғыртылып, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер жөнделеді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар аудандық орталық ауруханасына барып, медициналық мекемені жаңғырту жоспарларымен танысты.
Бүгінде аурухана 10,5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Медициналық ұйым шұғыл және алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, консультативтік-диагностикалық, мамандандырылған және стационарлық қызметтердің толық спектрін ұсынады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша емханаға азаматтар 57 мыңнан астам рет жүгінген. Аурухананың тәулік бойы жұмыс істейтін стационарында 38 төсек-орын бар. Былтыр стационарда 700-ден астам пациент ем қабылдаса, күндізгі стационарда тағы 881 адам медициналық көмек алған.
Ауруханада 201 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 28 дәрігер және 91 орта буын медицина қызметкері бар.
Медициналық ұйымның негізгі ғимараттары мен емхана 1973 жылы салынған. Сондықтан алдағы жаңғырту жұмыстары нысанды заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталады. Ғимараттар жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым жақсартылады, медициналық бөлімшелердің жағдайы жаңа деңгейге көтеріледі.
Сонымен қатар ауданның медициналық базасы жаңа техникамен толықтырылады. Самар ауданына алғаш рет компьютерлік томограф пен реанимобиль сатып алу жоспарланған. Бұл күрделі диагностиканы аудан деңгейінде жүргізуге және шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық мүмкіндіктер де кеңейтіледі. Медициналық ұйымдарды Starlink интернетіне қосу арқылы шалғай ауыл тұрғындарының еліміздің жетекші дәрігерлерінен онлайн кеңес алу мүмкіндігін арттыру көзделген.

Самардағы медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға BI Group компаниясының негізін қалаушы, меценат Айдын Рахымбаев та өз үлесін қосып отыр. Кәсіпкер жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салуда.
Айдын Рахымбаев жұмыс сапары аясындағы іс-шараға өзі қатысып, Самар ауданында жүзеге асырылатын жобалар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нақты мысалы. Мемлекеттік қолдау мен жеке бизнестің инвестициясы бір арнаға тоғысып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Мұндай әріптестік ауылдың әлеуметтік дамуына жаңа серпін береді. Мемлекет қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып, ал бизнес әлеуметтік маңызы бар жобаларға инвестиция салу арқылы ауыл тұрғындары үшін қосымша мүмкіндіктер ашуда.
Айта кетейік, өткен жылы ауруханада лифт шахтасына күрделі жөндеу жүргізіліп, пациенттерді тасымалдауға арналған жаңа жолаушылар лифті орнатылған.
Алдағы жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Самар ауданында заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптасып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артады.
Бұл – Президент тапсырмасының өңірде нақты іске асып, мемлекет пен бизнестің ортақ күш-жігері ауыл тұрғындарына нақты нәтиже әкеліп отырғанының көрінісі.
Қазақстандықтар круизбен әлем аралаймыз деп сотталған әйелге алданып қалған