Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент шетелге ақша шығарып жатқандарды түгел тексеруге тапсырма берді

Бүгінгі Парламент Мәжілісінің отырысында Президент жеке тұлғалардың шетелге ақша шығарып жатқанын байқағанын айтты. Үкіметке ол барлық күмәнді транзакцияны тексеруді тапсырды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты жекелеген қаржы-өнеркәсіп топтарының капиталын шетелге шығару қаупі жоғары. Оның ішінде жалған келісімшарт жасасу арқылы жеке тұлғалардың шоттарында қозғалыстар барын тіркедік. Сондықтан Ұлттық банкке ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, барлық транзакция мен елден негізсіз қаражат шығаратын тұлғаларды нақты бақылауды және тексеруді қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Тоқаев Мәжіліс отырысында.

Мемлекет басшысы елде бай мен кедейдің арасы алшақтап бара жатқанын, байлықтың көп бөлігі санаулы адамның қолында екеніне тоқталды.

"Билік құрылымдарының өкілдері адамдардың өмірі туралы бұрмаланған түсінікке ие. Теңсіздік мәселесі жылдан жылға шиеленісе түсті. Табыстың өсуі тек қағаз бетінде ғана. Мүліктік стратификация, азаматтардың көптеген мәселелері шешілген жоқ. Экономиканың өсуіне қарай барлығының табысы өсуі тиіс. Бұл өзгермейтін аксиома жұмыс істемейді. Негізгі пайда алушылар қаржы-олигархиялық топтар болып отыр", –  деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында Қазақстанның жаңа Премьер-министрі болып Әлихан Смайылов тағайындалды.

Талқылау