"Президент сендерді сатып кетті дегенге сенбеңіздер": Ауғанстан президенті бейнеүндеу жариялады
Ауғанстан президенті Ашраф Гани елден қашып кеткеннен кейін алғаш рет отандастарына видеоүндеу жолдап, мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
Саясаткер БАӘ-де екенін, ал Кабулдан ақша алып қашты деген қауесет негізсіз екенін айтты.
Ашраф Гани қан төгілмеу үшін елден кеткенін тағы да мәлімдеді.
"Кабул күйреген күні не болғанын кейінірек толығырақ айтып беремін... Мен Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болдым, себебі Кабулда қан төгілуіне себепкер болғым келмеді", – деді Гани өзінің Facebook парақшасында жариялаған видео үндеуінде.
Саясаткер Талибан қозғалысының өкілдері Кабулға кірмейміз деп уәде бергенін, бірақ президент сарайын алдын ала қоршап алғанын атап өтті.
"Мені Кабулдан ақшамен кетіп қалды деген айыптаулар шындыққа жанаспайды", – деді Гани.
"Егер біреу сізге: "Президент сендерді өзінің қаржылық мүддесі үшін сатып жіберіп, жанын құтқару үшін қашып кетті" десе, сенбеңіз", – деп мәлімдеді Гани.
Президент Ауғанстанда оған дайындалып жатқан қастандық туралы хабарланғанын және елге жақын арада оралатынын жеткізді.
"Қауіпсіздік күштері астыртын әрекет жасалып жатқанын хабарлады... Өткен жексенбіде мен әдеттегідей кеңсемде жұмыс істедім. Түсте Кабулдағы жағдайды бағамдау үшін қорғаныс министрлігіне бардым. Кенет оққағарларым келіп, қастандықтың алдын алу үшін мені алып кетті", – деді ол.
Бұған дейін БАӘ СІМ Ауғанстан президенті Ашраф Гани мен оның отбасы елде екенін растаған.