Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полиция шорты кисең, шабуылдайды деді": Шымкентте ер адам көшеде тұрған қызға пышақ ала жүгірген

Шымкентте қолына пышақ ұстаған ер адам көшеде жүрген қызға шабуыл жасамақ болды. Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Зардап шегушінің айтуынша, тәртіп сақшылары қыздың қысқа шорты кигенін айтып, болған жағдайға өзі кінәлі екенін меңзеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" арнасына сілтеме жасап. 


"Нұрсат" ықшам ауданында болған оқиға камераға түсіріліп, желіде тарап кеткен. Кадрдан қыздың жеке үй алдында телефонмен сөйлесіп тұрғанын көруге болады. Бір сәтте оның жанына артында пышақ тығып келе жатқан ер адам жақындап келеді. Дәл жанына келген соң, ол пышағын көрсетіп, қызға "тыныш!" деген белгі көрсетеді. Қыз сол сәтте айқайлап жіберіп, күдікті қорыққанынан қашып кетті. 

"Бұған дейін ол жерде балалар жүрген. Менде ешқандай күдік болмады. Артыма қарасам, ер адам жақындап келе жатыр. Бірдеңе сұрайды деп ойласам, артынан пышақ шығарды. Қорқып кеттім де, бірнеше секунд дыбыс шығара алмадым. Артынан айқайлап жібердім, сол сәтте жарық бергіш жұмыс істеп кетті де, ол қорқып қашып кетті", –  дейді Шымкенттің Аружан есімді тұрғыны. 



Оқиға 12 шілде күні кешкі 22:40-та орын алған. Аружан бірден Қаратау аудандық РОВД-ға шағымданғанын айтады. Полиция қыздың шағымын қабылдағанымен, оның киімін сөз етіп, қылмыскерді ақтап алуға тырысқан. 

"Жанымызда учаскелік пункт бар. Мен сонда барып, арыз жаздым. Бірақ маған: "Шорты киіп жүрдің бе? Әрине, шабуыл жасайды", – деді. Ол қалай сонда? Бірақ бүгін тергеуші хабарласып, анық-қанығын сұрап білді", – дейді Аружан. 

Ал Шымкент полициясы қызға шабуылдамақ болған азаматты іздестіруде. 

"12 шілде күні Қаратау аудандық ПД РОВД-ға жергілікті тұрғын шағымданды. Ол жеке үйдің ауласында белгісіз біреудің пышақпен қоқан-лоққы көрсетіп, шабуыл жасауға тырысқанын айтты. Қазіргі уақытта аталған факт Қаратау аудандық РОВД-да тіркелді, күдіктің орналасқан жерін анықтау, тергеу жұмыстары жүруде", – деп хабарлады Шымкент полиция департаменті. 

Талқылау