Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбританияның королі, премьер-министр мен сыртқы істер министрі Дубайда өтетін саммитке әртүрлі ұшақпен барғаны үшін сынға қалды

Ұлыбритания билігі ел королін, премьер-министрді және сыртқы істер министрін климат жөніндегі саммитке жеткізу үшін үш ұшақты пайдаланған. Олар “планетаны қыздырып жібергені” үшін сынның астында қалды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі The Independent басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Британ билик

Чарльз III, Риши Сунак және Дэвид Кэмерон Дубайдағы БҰҰ-ның 28-ші климаттық конференциясына (COP28) үш жеке ұшақпен ұшып барған. Премьер-министрдің ресми өкілі Ұлыбританияның “ұшуларға қарсы емес” екенін мәлімдеді.

“Біз көпшілікті бұдан шектегіміз келмейді және Ұлыбританияның COP28-ге белсенді қатысуы маңызды, өйткені біз климаттың өзгеруімен күресуде әлемдік көшбасшы болуды жалғастырамыз”, – деді Риши Сунактың ресми өкілі.

Үкімет өкілінің айтуынша, Британ билігі рейстерді қысқарту немесе тыйым салуды қаламайды, бірақ "болашаққа арналған жаңа технологияларға" инвестиция салуды жақтайды. Алайда басылым кіші министрлер мен шенеуніктер БАӘ саммитіне коммерциялық рейстермен барғанын атап өтеді.



Оппозициялық партиялардың өкілдері мен белсенділер премьер-министр мен сыртқы істер министрін бөлек ұшақтарды пайдаланғаны үшін сынға алды. Либерал-демократ Вера Хобхаус мұны "салық төлеушілердің ақшасын ысырап ету" және "Ұлыбританияның климатқа қатысты міндеттемелері туралы қате сигнал" деп атады.

Жасылдар партиясының тең көшбасшысы Карла Денайер Сунак пен Кэмерон "планетаны қыздырып жатқан өте бай элитаның" мүшелері екенін және олардың қысқа сапары "орташа адам бір жылда өндіретін көміртегінен көп көміртекті өндіргенін" атап өткен.

Extinction Rebellion климатты қорғау тобының мүшесі Тодд Смит Сунак пен Кэмеронның бұл әрекетіне баға бере отырып "нашар үлгі көрсетіп" жатқанын және "бай жақындарының мүдделерін қорғап жатыр" деді.

Айта кетейік, COP28 климаттық саммиті 30 қарашада Дубайда басталды. Конференция 12 желтоқсанға дейін жалғасады.

Талқылау