Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пицца, шұжық және тұшпара сатып алып жеген": СҚО-да тамақтан уланып қалған отбасының жағдайы белгілі болды

Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы дүкеннен тұшпара алып, уланып қалған отбасы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

14 маусымда екі баласы дүкеннен сатып алынған өнімдерді жеп мерт болғаны белгілі болды. Қазір мамандар кәмелетке толмағандардың өлімінің нақты себебін анықтап жатыр.

Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы Раиса Құсайынованың айтуынша, 13 маусым күні сағат 01:51-де Қызылжар ауданы Надежка ауылында медбикеден қоңырау түскен.

"Үшеуі құсқан. Медбике отбасының барлық мүшелерін тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Таңғы сегіздер шамасында сол мекенжайға тағы да қоңырау түсті. Оқиға орнына келген медбике 3 жасар ұлдың өлгенін анықтады. Екі жедел жәрдем көлігінде науқастар медициналық мекемелерге жеткізілді", – деді Құсайынова.

Балалардың 28 жастағы анасы ауыр халде бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді. Облыстық балалар ауруханасына 2017 және 2014 жылы туған екі бала жіберілді. Балалар тексеріліп, жансақтау бөліміне жатқызылды.

"7 жасар қыз ауыр халде түсті, ол жасанды желдетуге ауыстырылды. Барлық ем шараларына қарамастан дәрігерлер баланың қаза тапқанын хабарлады", – деді Раиса Құсайынова.

10 жастағы ұл баланы емдеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. 

Балалардың анасының жағдайы тұрақты, сәл жақсарған. Әкелері де құсқан, дәрігерлерге қаралған. Бірақ ауруханаға жатудан бас тартты. 

Барлық биологиялық материалдар, соның ішінде тамақ қалдықтары сараптамаға жіберіледі, бактериологиялық зерттеу және барлық токсикалық инфекцияларға талдау жасалады.

Сарапшылар отбасының нақты неден уланғанын әзірге айта алмайды, өйткені сараптамалар әлі дайын емес.

Балалардың анасының айтуынша, отбасы мүшелері пицца, шұжық, тұшпара сатып алып жеп, тәтті газдалған сусын ішкен.

Денсаулық сақтау басқармасы бұл істі қарау үшін комиссия құрды.

"Мен өзім Бескөлге бардым, сол жерде барлық қатысушылармен, мекенжайға барған медицина мамандарымен, емхана басшысымен сөйлестім, бұл мәселе бойынша қызметтік тергеу жалғасады", – деді Раиса Құсайынова.

Медицина қызметкерлерінің зардап шеккендерді неге дереу ауруханаға жібермегенін мамандар анықтайды. Ауыл медбикесінің айтуынша, үйде қайтыс болған баланың шағымы болмаған.

Ресми мәлімет бойынша, балалардың өліміне улы тамақ инфекциясы, инфекциялық-токсикалық шок, ми ісінуі себеп болып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда бір отбасы уланып, екі бала көз жұмғаны айтылды. 

Талқылау