Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Pfizer компаниясы вирустан қорғану үшін вакцинаның үш дозасын салу керектігін мәлімдеді

Pfizer фармацевтикалық компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасы қажет екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап. 

"Вакцинаның үшінші дозасын салу керек. Сонда індеттен қорғану деңгейі жоғары болады", – дейді өндіруші.

Дегенмен, америкалық мамандар үшінші компоненттің әзірге қажеті жоқ екенін алға тартады. Бірақ кей ғалымдар, керісінше, үшінші дозаны салу өте тиімді екенін жеткізді.

Ал Pfizer компаниясының өкілдері екпенің үшінші компонеті жайлы айтып отыр. Бустерлік дозадан кейін стандартты екі компонентпен салыстырғанда 5-10 есе көп антиденелер қалыптасады екен.

Осылай деген өндірушілер ертең АҚШ-тың құзырлы органдарымен тиісті мәселе төңірегінде кездесу өткізбек. Алайда америкалық мамандар "әзірге үшінші дозаның қажеті жоқ" дейді. Өйткені бұл халықтың сенімін төмендетуі мүмкін. Десе де, АҚШ билігі: "өндірушілер қайта вакциналаудың тиімділігін растайтын дәлелдер келтірсе, шешімді қайта қарастыруға дайынбыз”, – деп отыр.



“АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы, сондай-ақ азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау жөніндегі орталық өкілдері "екпенің үшінші дозасын салуға асықпаған жөн" дейді. Сондықтан күте тұрғанымыз дұрыс болады. Соңғы 16 айда әлемдегі эпидемиологиялық ахуалдың қалай өзгеріп жатқанын бәріміз де жақсы білеміз. Індетке қатысты сан алуан пікірлер айтылып жатыр. Pfizer компаниясы үшінші дозаның жоғары тиімділігін растайтын дәйектер келтіруі тиіс. Сонда біз де қарсылық танытпаймыз”, – дейді Чикаго медицина университетінің өкілі Стивен Шранц. 

Америкалықтар әзірге асықпауға шақырса, Израильде қайта вакциналау науқаны басталып кетті. Өйткені "Дельта" штаммының тез тарауына байланысты демалыс күндері елде індет жұқтыру деректері артқан. Бірақ әзірге үшінші компонентті тек иммундық жүйесі әлсіз ересектер салдыра алады. 9 миллионнан аса халқы бар Израильде екпенің қажетті екі компонентін тұрғындардың 56%-дан астамы алып қойған. Билік препарат қоры жеткілікті екенін айтады. 

“Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурла мырзамен телефон арқылы келіссөз жүргізіп, Израильге вакцинаның келесі партиясын жеткізу туралы келістік. Уағдаластық бойынша препарат 1 тамызға дейін әкелінуі тиіс. Енді елімізде екпенің тұрақты қоры болады. Тағы да қайталап айтайын. Препарат бәріне жетеді. Сондықтан екпе алмаған тұрғындар вакцина салдырыңыздар! Әсіресе жастар жағы бұл мәлімдемені назардан тыс қалдырмаса екен”, – дейді Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет. 

Талқылау