Петропавлда жүксалғыштан адам аяғы шығып жүрген көлік жүргізушісіне айыппұл салынды
Петропавлда 2 ақпанда қаланың қоғамдық көшелерімен келе жатқан көліктің жүксалғышынан аяқ киім киген аяқтар шығып тұрған видео тарады. Белгілі болғандай бұл жергілікті блогердің полицейлер мен тұрғындарға жасаған эксперименті болып шықты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жанжалды көріністі жергілікті Вахтанг есімді блогер ұйымдастырған. Кейін ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жүксалғыштан шығып тұрған адам аяқтарын көрген құқық қорғаушылары қаншалықты тез әрекет ететінін сынап көргісі келгенін түсіндірді. Сонымен қатар адамдардың да бұған қалай қарайтынын видеоға түсіргісі келген.
"Петропавл қалалық ІІБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері "Лада" автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісін анықтап, ұстады. Азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сондай-ақ жас жігітпен профилактикалық әңгіме жүргізілді", - деп түсіндірді полицияның баспасөз қызметі.
Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралын басқарғаны үшін, сондай-ақ ақаулар немесе көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын жағдайлар болған кезде тәртіп бұзушыға бес айлық есептік көрсеткіш ( 17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.