Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавл қалалық білім басқармасы мектепте оқушыларды жарақаттаған жасөспірімге қатысты пікір білдірді

13 ақпанда Петропавлдағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы қару әкеліп, үш баланы жарақаттаған еді. Болған жағдайдан кейін №4 мектеп пен білім басқармасының өкілдері пікір білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

9-сынып оқушысының шабуылы салдарынан 2 оқушы ауруханаға түсті. Тағы бір оқушыға оқиға орнында көмек берілді. 

№4 мектептің өкілдері тілшіміздің сұрақтарына жауап беруден бас тартып, "Уақыт жоқ" деп қысқа қайырды. 

Ал қалалық білім басқармасының өкілі мән-жайды тек полиция рұқсатымен ғана жариялай алатынын мәлімдеді. 

"Қазір тергеу жұмыстарымен полиция айналысып жатыр. Толық ақпарат ұсына алмаймын, рұқсат берген соң айтамыз. Ал шабуыл жасаған оқушының психиатриялық есепте тұрғаны туралы дерек әлі тексеріліп жатыр. Мектепте вахтер жұмыс істейді. Күзетшінің болмағаны туралы дерекке қатысты пікір білдіре алмаймын", – деп жауап берді білім басқармасының өкілі. 

Еске салайық, 13 ақпанда 9-сынып оқушысы сөмкесіне балта мен пышақ салып, мектепке алып келген. Кейін таңғы 07:50 шамасында екі ұл мен бір қызды жарақаттаған. Зардап шеккендер тоғызыншы және оныншы сынып оқушылары екен. 

Полиция ұсынған деректерге сәйкес жасөспірім қамауға алынған. Қазір Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 14-тармағы "Адам өлтіруге оқталу" бойынша тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жасаған оқушы психиатриялық есепте тұрған.

Талқылау