Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодардағы мектепте болған ірі өрттің алдын ала себебі анықталды

Павлодардағы мектептегі өрттің алдын ала себебі анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мектептегі өрт ұзартқыш сымдағы ақаудан шығуы мүмкін. Павлодар қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, өртке сабақтағы зертханадағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. 

"Өрт орны физика кабинетіндегі зертханалық бөлмеде болды, осы жерден екі электр ұзартқышы табылды, оның біреуі зақымданған. Бұл электр жабдығының жұмысын бұза отырып, электр ұзартқышы қолданылғанын көрсетеді. Зертханалық бөлмеде ұзартқыш сым пайдаланылмауы керек еді", - деп түсіндірді Павлодар қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары Тілекжан Ғалямов.

Оның айтуынша, кабинет пен зертханаға бөлінген сыныпқа келген физика пәнінің мұғалімі компьютер, принтер мен интерактивті тақтаны қосқан. Осыдан кейін бірден автоматты өшіру орын алды.

"Мұғалім дәлізге шығып, аппаратты тексерді, ол жұмыс күйінде екен, оны қосты, сол кезде түтін шыға бастады", - деді Галямов.

Сондай-ақ ол өртті бастапқыда балалар сөндірді деген ақпаратты растамады.

"9-сынып оқушылары зертханалық бөлмеге кірген жоқ. Олар өрт сөндіргіштерге жақындаған, бірақ сөндірмеді. Сөндіруді 1996 жылы туған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жүргізді. Қазіргі уақытта ол біздің басты куәгеріміз. Өрт сөндіргіш таусылғанда екіншісіне жүгірді, сол кезде өрт одан сайын күшейіп кетті", - деді Галямов.

Өрт салдарынан 47 жастағы физика пәнінің мұғалімі көмірқышқыл газынан уланған. Жағдайды тұрақтандыру үшін ол қысым камерасына орналастырылды. Павлодар облысының білім басқармасының хабарлауынша, қазір жәбірленуші палатаға ауыстырылған. Жағдайы орташа ауыр.

Басқарма өртеніп жатқан мектепке техникалық тексеру жүргізіп жатқандарын да айтты.

"Екі күн бойы балаларды қашықтықтан оқытуға бердік. Дүйсенбі күні балалар әдеттегідей оқиды. Егер мектептің техникалық жағдайы оқу үдерісін жалғастыруға мүмкіндік бермесе, балалар жақын маңдағы мектептерге тасымалданады", - деді Павлодар облысының білім басқармасының басшысы Әбенова Әйгерім.

Айта кету керек, мектепте 1080 оқушы білім алуда.

Оқиғаға қатысты мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Сергей Огай айтып берді.

"Осы бөлмеден соңғы болып бір студент жүгіріп шыққаны туралы куәгерлердің мәліметі бар. Өртке қатысты тексеру жүргізілді, алдын ала мәліметтер бойынша қысқа тұйықталу болған", - деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Сергей Огай.

Павлодардағы 28-мектепте өрт 21 сәуір күні таңертең болды. Өрт төрт қабатты үйдің екінші қабатынан шыққан. Өрт сөндіру бөлімі келгенге дейін 576 адам эвакуацияланды, оның ішінде 551 бала бар. 

Талқылау