Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында үш күн бұрын жоғалып кеткен жеті жасар қызды іздеу жұмыстары жалғасуда

Павлодар облысында үш күн бұрын жоғалып кеткен жеті жасар Милана Давыдованы іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Павлодар облысы ПД

Кішкентай қыз 17 қараша күні түсте жоғалып кеткен.

"Таңертеңнен бері 400-ден астам адам мен 100 техника жұмылдырылды. Олардың қатарында төтенше жағдайлар қызметі, полиция, әкімдіктер, оқу орындарының өкілдері, "Вита" үкіметтік емес ұйымының волонтерлері мен облыс тұрғындары бар. Әзірге іздестіру жұмыстары нәтиже бермей жатыр. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі қыз табылып, осы уақыт бойы туыстарының қасында болған деген ақпаратын жоққа шығарамыз. Фейкті таратпауларыңызды сұраймыз. Кәмелетке толмаған баланың жоғалып кетуіне байланысты тек ресми ақпаратқа сүйенсек", - деді Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті.

Басқарманың хабарлауынша, қызды іздеуге қатысқандар бірнеше топқа бөлінген. Үйлестіруді баланың отбасы тұратын Екібастұз ауданы Бесқауға ауылында құрылған жедел штаб жүзеге асырады. Қазір 6 бағыт бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар, полиция қызметкерлері, еріктілер жақын маңдағы елді мекендердің аулалары мен аумақтарды, сондай-ақ далалық аймақты аралап жүр.

Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты "Қазавиапас" тікұшағындағы іздеу жұмыстары әзірге тоқтатылғанын түсіндірді.

Бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап "Pavlodar VITA Search Engines" қоғамдық бірлестігінің волонтерлері павлодарлықтардың жалпы жиынын ұйымдастырып, ондаған көлікпен Бесқауға ауылы аумағына жол тартты.

Павлодар облысы ІІД бастығы Василий Скляр хабарлағандай, полиция қызметкерлері Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылының аумағында ғана емес, облыс көлемінде де іс-шаралар жүргізуде.

"Барлық аумақтық бөлімшелерге және жақын маңдағы аудандарға қызды іздестіру туралы дабыл жіберілді. Полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен орынбасарым бастаған жедел-тергеу тобы жіберіліп, қызды іздеуге тартылды. Оқиға орнында құтқару штабы ұйымдастырылды. Іздеу жұмыстары ауылдан 20 шақырым радиуста жүргізілуде, барлық тұрғын үйлер мен ғимараттар мен тас жолдар тексерілуде", - деді Скляр.

Полиция департаменті барлық ықтимал куәгерлерден, егер бұл факті бойынша қандай да бір ақпарат болса, 102 нөміріне хабарласуын сұрайды. 

Айта кетейік, 17 қараша күні сағат 16.00 шамасында Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылындағы мектептің 3-сынып оқушысы, 2015 жылы туған Милана Давыдова жоғалып кеткен. Ауыл тұрғындары оны соңғы рет ауылдан бір жарым шақырым жерде көрген.

Талқылау