Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысы әкімінің орынбасары екі баласы бар ананы зорлады деген ақпарат тарады: Ол әйелді сотқа берген

Желіде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов екі баласы бар ананы зорлады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Павлодар облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі

Белсенді Ермек Нарымбай бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде пост жариялаған. Оның айтуынша, облыс әкімінің орынбасары өткен жылы мамырда өзіне ұнайтын келіншекті кабинетіне шақырған. Бұған дейін бір ай бұрын Батырғожинов оның фотосын әлеуметтік желілерде көріп, содан бері көңіл білдіре бастапты.

"Онымен бірінші кездесуде ол келіншекті демалыс бөлмесіне апарып зорлаған. Сосын оны полицияға арызданбауға көндіріп, оған сезімін білдіріп, сыйлықтар мен ақша беріп, пәтер алуға көмектесуге уәде берген", — деп жазды Ермек Нарымбай.

Айгүл – екі баласы бар жалғызбасты әйел. Балаларының бірінің ерекше қажеттігі бар. Осыны негізге ала отырып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекке тұрған.

"Әйелдің қатесі – зорланғанын бірден хабарламағаны, шендінің сыйлықтарына басы айналды. Алайда қыркүйекте Айгүл ерекше қажеттігі бар ұлынан айырылғасын бірнеше жыл бойы тұрған жеңілдетілген кезектен шығарылды. Оның орнына әйелге жалпы негізде көп мыңдаған тұрғын үй кезегінің соңында тұру ұсынылды. Дәл сол кезде оның есіне Серік Батырғожиновтың пәтер алуға көмектесемін деген уәдесі түсті. Ол оның кеңсесіне келіп, уәдесін еске салған. Ал шенеунік оны бопсалады деп айыптады", – деді белсенді.

Белсендінің сөзінше, Серік Батырғожинов Айгүлді мүлдем танымайтынын, бұған дейін көрмегенін айтып, жалтарыпты.

"Полицейлер оның телефонын тартып алып, WhatsApp желісіндегі облыс әкімінің орынбасарымен болған хат алмасуларды өшіріп тастады", – деп жазды Нарымбай.

Павлодар облыстық әкімдігі жағдайға пікір білдірді.

"Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, Павлодар облысының полиция департаменті Серік Батырғожиновтың арызымен бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Зардап шеккен тарап – Серік Батырғожинов.

Тергеу амалдары жүргізілді, айыпталушы тарап көрсеткен фактілер тексеріліп, расталған жоқ. Бүгінде іс сотқа жіберілді.

Бұл іс бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты процеске қатысушылардан алуға болады. Өйткені бұл – жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатпайтын жеке мәселе", – делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.

Талқылау