Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж олимпиадасы: Махмұд Сабырхан олимпиаданың жаңа жұлдызы атануына мүмкіндігі мол

Париж олимпиадасына да бір айдан аз уақыт қалды. Stan.kz ақпарат агенттігі төртжылдықтың басты додасында бақ сынайтын боксшылардың әлеуеті мен мүмкіндігі туралы сараптама жасауды жалғастырады.

Фото: ҰОК

Олимпиада ойындары үшін арнайы бір салмақ жоғары көтерілген Махмұд Сабырханның Париж олимпиадасында жұлдызы жануы мүмкін. "Қазақтың Ломаченкосы" атанып кеткен Махмұдтың шаршы алаңдағы өнері жанкүйерлердің жанын жадыратып, айызын қандыратыны анық. Дегенмен Париж олимпиадасының қарсаңында Махмұдтың 57 келіге ауысқанына тура бір жыл, бір ай толады. Махмұд Ташкент төрінде 54 келіде атой салғаннан соң, бірден 57 келіге көтеріліп, еліміздің нөмірі бірінші боксшысы атанып қана қоймай, әлемнің де үздігі атануға әлеуеті жететінін көрсетті. Италияда өткен лицензиялық турнирде тамаша өнер көрсетіп, Париж олимпиадасына заңда түрде жолдама жеңіп алды. Енді Махмұд араға 24 жыл салып, Бекзат Саттархановтың жетістігін қайталап, олимп шыңын бағындыруды көздейді. Бірақ отандасымыз үшін оңай болмайтыны анық. Өйткені 57 келіде кіл мықтылар мен сақа спортшылар жиналған. Жалпы Махмұд Парижде сынға түсетін спортшылардың біреуімен ғана жұдырықтасып, жеңіліп қалған еді. Қалған боксшылардың ешқайсысымен осы уақытқа дейін шаршы алаңда кездеспеген.

Махмұдтың басты қарсыласы, әрі осы салмақтың негізі фавориті ретінде өзбек боксшысын айтуға болады. Абдумалик Халоков 2022 жылдан бастап 57 келідегі мықтылардың көшін бастап, басқалардан бір бас жоғары тұр. Халоков 57 келіге ірі, аяқ-қолы ұзын, фунционалдық тұрғыдан да мықты боксшы. Ол Парижде бақ сынайтын боксшылардың біразымен жұдырықтасып, жеңіске жеткен. Шудай Харада, Сайдель Орта Родригес, Карло Паалам сынды мықтылардың мысын басқан. Жапониялық Харада мен Токио олимпиадасының күміс жүлдегері, филиппиндік Карло Пааламды Азия ойындарында адымын аштырмай жеңген еді. Тіпті, Шудайды бірінші раундта екі рет нокдаунға жіберсе, екінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан еді. Ал кубалық Сайдель Орта Родригесті Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатының финалында бір мәрте нокдаунға жіберіп, жанкүйерлерінің алдында айқын басымдықпен ұтқан еді. Халоков қазақ боксшыларымен 5 рет жұдырықтасып, төртеуінде жеңіске жеткен. Ол 2020 жылы Қайрат Ералиевтен, 2022 жылы Оразбек Асылқұловты және дәл сол жылы Азия чемпионатының финалында Серік Теміржановты жеңген еді. Сондай-ақ биыл Руслан Күзеубаевтан басым түсті. Дегенмен Асылқұлов араға бір жал салып, өзбек боксшысына кеткен есесін қайтарды. Отандасымыз “Странджа” кубогінде өзбек боксшысына қарсы қалай жұдырықтасу керек екенін көрсетіп, жеңіске жеткен еді. Ал Махмұд – Оразбектен талай рет бір бас жоғары деңгейде екенін көрсеткен боксшы. Дегенмен Халоковпен оңай жекпе-жек болмайтыны анық. Өзбек боксшысы бірінші нөмірмен де, екінші нөмірмен де жақсы жұдырықтасады. Ара қашықтықты жақсы сезеді әрі Махмұдқа қарағанда соққылары да ауыр. Бірақ функционалды тұрғыдан Махмұдтың басымдығы бар екенін атап өткеніміз жөн. Сабырхан раунд сайын қарқынын күшейте түссе, өте көп салмақ қуатын Халоковты тығырыққа тіреуі әбден мүмкін. Қалай болғанда да, отандасымыздың техникасы мен айла-тәсілінің алуандығына сенеміз. 

Жалпы жоғарыда аталған боксшылардың барлығы – Махмұд үшін аса қауіпті әрі ыңғайсыз қарсыластар. Әсіресе, филиппиндік Карло Паалам отандасымыздың осал тұсын тауып, Азия чемпионатының финалында алтыннан қаққан еді. Ол кезде екеуі де 54 келіде жұдырықтасты. Бірақ дәл қазір Махмұдтың деңгейі өскен, арсеналы артқан, әрі соққылары да ауыр тартқан. Сондықтан отандасымыз сол Азия біріншілігінде кеткен есесін олимпиада ойындарында қайтаруға тиіс. Шудай Харада мен Сайдель Орта Родригес те қарқыны қатты, адуынды қарсыластардың қатарында. Махмұд екеуімен де бұрын-соңды жұдырықтаспаған, дегенмен екеуін де жеңе алатын әлеуеті бар. 

Париж төріндегі жұдырықтасатын боксшылардың ішінде жалғыз испаниялық Хосе Кильес Токио алаңында айқасқан. Дәл осы боксшы да жүлдеге үміткерлердің қатарында. Одан бөлек, Париждегі дүрмектің басты фавориті саналатын америкалық боксшы Джамал Харвиді де ерекше атауға болады. 2021 жылғы әлем чемпионы Махмұд үшін қауіпті, әрі тегеурінді қарсылас саналады. Харви Панамериканың  лицензиялық турнирінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, олимпиадада алтыннан үміткерлердің бірі саналатын кубалық Сайдель Орта Родригестің мысын басқан еді. Дене-бітімі мығым, физикалық тұрғыдан күшті былғары қолғап шеберінің соққылары да ауыр. Дегенмен Махмұд бұл боксшыны “алдап” кетуі әбден мүмкін. 

Жалпы Махмұд үшін ешбір қарсылас оңай соқпайтыны айқын. Жұдырықтасу мәнері ерекше отандасымыз 24 жыл бұрынғы Бекзат Саттархановтың ерлігін қайталап, олимпиадада атой салуы әбден мүмкін. Кем дегенде өз өнерімен көпшіліктің көңілінен шығып, олимпиаданың жарық жұлдызына айналуы ғажап емес.                 

 

 

Талқылау