Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада паралимпиада жүлдегерлеріне пәтер мен ақшалай сыйақы тарту етілді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Франция астанасы Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада жүлдегерлерімен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Елорда әкімі жеңімпаздар Ақмарал Науатбек және Ерғали Шамеймен кездесті. 

"Ақмарал Науатбек елімізге көптен күткен жеңіс сыйлады. Ол пара дзюдодан әлем чемпионы атанған және Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді. Әлем алдында көк туымызды желбіреткен тағы бір елордалық спортшы – Ерғали Шамей. Ерғали күміс медаль жеңіп алды. Олардың жеңісінің артында тоқтаусыз жаттығулар, темірдей тәртіп, шыдамдылық, жақындарының, бапкерлерінің қолдауы, өзіне деген сенім жатыр”, – деді әкім. 

Жеңіс Қасымбек қос жүлдегерге пәтер мен ақшалай сыйлықтар тарту етті. 

Ақмарал Науатбекке 3 бөлмелі пәтердің сертификаты және 30 миллион теңге ақшалай сыйақы алды. Ал оның жаттықтырушысы Айдын Анапинге 10 миллион теңге табыс етілді.

Сондай-ақ Ерғали Шамейге 2 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 25 миллион теңге ақшалай сыйақы берілді. Оның жаттықтырушысы Дәурен Оразовқа 7 миллион теңге табыс етілді. Жеңімпаздар мен жаттықтырушыларға ақшалай сыйақы демеушілер тарапынан беріліпті. 

“Біз өз тарапымыздан спортшыларымызға қолдау көрсетуді ары қарай да жалғастырамыз, сол сияқты қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне тиісті жағдай жасаймыз", – деді әкім. 

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция астанасы Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлерін марапаттаған еді. 

Еске салайық, Франция астанасы Парижде өткен паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 9 медаль жеңіп алған

Алтын медаль жеңгендер: 

Давид Дегтярев – пара пауэрлифтинг;

Ақмарал Науатбек – пара дзюдо.

Күміс медаль жеңгендер:

Еркін Ғаббасов – пара нысана көздеу;

Нұрдәулет Жұмағали – пара жүзу;

Ерғали Шамей – пара дзюдо;

Қола медаль жеңгендер:

Даяна Федосова – пара дзюдо;

Дастан Мұқашбеков – пара жеңіл атлетика;

Зарина Раифова – пара дзюдо;

Жұрқамырза Шүкірбеков – пара дзюдо.

Талқылау