Олимпиада күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың ауылындағы көшерлерге не себепті асфальт төселмегені белгілі болды
Әлеуметтік желіде тараған видеодан Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың туған жері Панфилов ауданы Үшарал ауылындағы көшелердің шаңы шығып жатқанын көруге болады. Stan.kz тілшісі Үшарал ауылындағы көшелерге асфальт төселмеуінің себебін сұрап білді.
Фото: instagram.com/olympickz/Видеодан скрин
Панфилов ауданы әкімнің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағаттың айтуынша, қазіргі уақытта Үшарал ауылында Демеу Жадыраевтың қара шаңырағы бар.
“Ауылдағы Шойынбаев көшесіне жобалық-сметалық құжаты жасалған. Ұзындығы 1 200 метр. Құжат сараптамадан өту керек. Өткен жағдайда бюджеттен қаржы сұралады. Әзірге ол көшеге қаражаттан тыс асфальт төселмейді”, – деп жауап берді Нұрбол Қанағат.
Айта кетейік, бұған дейін Айнұр Тұрсынбаева Демеу Жадыраевтың ауылдағы үйін көрсеткен еді.
“Демеу бауырымыздың жарысын бәріміз күттік қой. Олимпиаданың күмісі бұйырған екен, құтты болсын! Үшарал халқы алаңға шығып осы жарысты тамашалаған екен... Чемпион ұлдардың ауылына жасалған жағдай бізге де жасала ма деген үміт те бар еді ғой... Осындай батыр ұлдың ауылына да асфальт төсеп, Жетісу жұрты тік тұрып қарсы алғалы жатқан шығар... Медаль құтты болсын қазақ елі”, – деді суырыпсалма ақын қыз.
Еске салайық, Демеу Жадыраев Париждегі олимпиада ойындарының финалында есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. 77 келі салмақта сынға түскен балуанымыз финалда жапондық балуан Нао Кусакамен белдесіп, 5:2 есебімен ұтылып қалған еді.