Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзін-өзі тануды" саяси себептерге байланысты алып тастады": Назарбаевтың немересі Қазақстандағы білім беру сапасын сынға алды

Нұрали Әлиев
Фото: Әлеуметтік желіден

Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев әжесі Сара Алпысқызының "Өзін-өзі тану" пәнін одан әрі дамытуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нұрәлі Әлиевтің пікірінше, "Өзін-өзі тану" пәні мектеп бағдарламасынан саяси себептерге байланысты алынып тасталған.

"Тіпті қазірдің өзінде маған өз жолының дәл осы пәннен, бала кезіндегі осы сабақтан басталғанын айтатын адамдар кездеседі. “Өзін-өзі тану” – бұл тамаша бағдарлама, өйткені ол балаға ішкі тірек, өзіне және болашаққа деген сенімділік береді, сондай-ақ әлемнің қалай құрылғанын түсінуге көмектеседі. Өкінішке қарай, бұл пән мектеп жүйесінен алынып тасталды, мүмкін қандай да бір саяси шешімдерге байланысты. Бірақ қазір мен бұл тақырыпқа одан әрі тереңдеп еніп келемін және бұл пәнді халықаралық деңгейде дамытуға ниеттімін, өйткені ол өте қажет", – дейді экс-президенттің немересі.

Нұрәлі Әлиев сондай-ақ Қазақстандағы білім беру сапасына және мектептегі тамақтану жүйесіне көңілі толмайтынын айтты.

"Егер қоғамды өзгерткіңіз келсе, балаларды дұрыс тәрбиелеп, оқыту керек, бәрін осыдан бастау қажет. Өкінішке қарай, мектептерде қарапайым нәрселер үйретілмейді. Кем дегенде асханаларда не беріліп жатқанын, қандай тағам барын, жалпы қандай мұғалімдер бар екенін қарасақ болады. Тіпті ересектердің өзіне де дұрыс тамақтану мен дұрыс өмір сүруді үйретпейді", – дейді Әлиев.

Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстанның білім министрлігі "Өзін-өзі тану" пәнін міндетті мектеп бағдарламасынан алып тастап, оны факультативтік пәнге айналдырды. Бұған ата-аналардың бұл пәннен практикалық құндылық көрмеуі себеп болған.

Еске салсақ, Назарбаевтың немересі бүкіл адамзаттың рухани тәлімгері болуды шешкені туралы жазған.

Дана Русланқызы
Жұма, 15 Мамыр, 2026 22:22