Астанада "Бәйтерек" маңында шампан шашып, видео түсірген әйел айыппұл арқалады

Астана соты "Бәйтерек" монументі маңындағы қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапкершілікке тартылған әйелге қатысты қатысты істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылдың 27 сәуірінде шамамен сағат 01:00-де Нұржол көшесінде болған. Әйел "Бәйтерек" маңындағы қоғамдық орында шампан бөтелкесін ашып, оның ішіндегі сұйықтықты жерге төгіп жіберген.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінішін білдірді. Әйел сотта өзінің блогер екенін, монумент маңында тренд видео түсіргісі келгенін айтты. Сондай-ақ әйел түсірілімнен кейін өзінен қалған қоқысты жинап, тазалап кеткенін де атап өтті.
Құқық бұзушылық дерегі айыпталушының кінәсін мойындауы, инспектордың рапорты, әкімшілік хаттама және Instagram желісінде жарияланған видео арқылы расталды.
Әкімшілік кодекске сәйкес, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы көзделген.
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Еске салсақ, бұған дейін желіде шампан шашатын тренд түсірген қазақстандықтар жауапкершілікке тартылғаны туралы жазған едік.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті
Оқыңыз