Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзенмұнайгаз" басшысы ереуілге шыққан жұмысшыны ұрып-соғатынын айтып, қорқытқан видеосы тарады

Әлеуметтік желіде "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының бас директоры Жанболат Амангелдіұлы Саймағанбетовтің барлық ереуілшілердің көзінше жұмысшыны ұрып-соғамын деп ашық айтқан видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: 1. Видеодан скрин / 2. Оzen.kz

Видеода компания басшысы Жанболат Амангелдіұлы Саймағанбетовтің шеруге жиналғандардың алдына шығып, сол жердегі қызметкерлердің біріне балағат сөз айтқаны естіледі. Ол жұмысшыны жеке шығып сөйлесуге шақырып, сес көрсеткен. 

"Жігіттер, қазір бұл жерге "Өзенмұнайгаздың" директоры ретінде емес, Жаңаөзеннің тұрғыны ретінде алдарыңа келіп тұрмын. Сенің басың айналды ма, не болды? Екеуміз қазір қарапайым жұмысшы ретінде сөйлесеміз. Біреуің де араласпаңдар. Қазір мұның осы жерде жанын шығарамын, .…таяқ жейді. Жігіттер, кімнің артынан еріп жүргендеріңді тыңдаңдар. Бұл өткенде келіп менен ақша сұрады. Бірде былай, бірде басқаша сөйлеп, құбылып жатыр. Менің барлық дәлелім бар. Сені соттайды, білесің бе? Мұнымен қоймай бастығынан келіп ақша сұрайды. Өткенде үйде 20 күн жатқанда күртеше сұрадың. Басқа жаққа барып жағынасың, мұнда келіп басқа нәрсе айтып тұрсың. Тексеріп кел деген нәрсені дұрыс түсінбей, керек емес дүниені басыңа іліп аласың", – деп сөйледі компания басшысы.

Редакция компаниядан басшысының бұлай айтуына не себеп болғанын және шеруге шыққан қызметкерлердің басты талабы не екенін сұрады. 

"ҚазМұнайГаз" компаниясы бұл жағдайға қатысты компания басшысымен әңгімелесу жүргізілгенін хабарлады. "Оқиғаға байланысты өкінішімізді білдіреміз. Бас директор эмоцияға беріліп, осындай сөздер айтып қойды. Біз "Бұрғылау жұмыстары басқармасының" қызметкерлерін сабыр сақтап, арандатушылықсыз, конструктивті диалогқа қатысуға шақырамыз", – делінген хабарламада.

Компания өкілдері ереуілшілердің инцидентке дейін инженерлік-технологиялық қызметкерлердің кабинеттеріне кіріп, оларды рұқсатсыз акцияға қосылуға мәжбүрлегенін айтты.

Бұған дейін ереуілге шыққан "Өзенмұнайгаз" қызметкерлері зейнеткерлердің балалары мен денсаулығынан айырылғандардың балаларын жұмысқа алуды, Жаңаөзендегі жұмыссыздықты шешуді және 2013 жылғы ұжымдық келісімдегі тәуелсіз еңбекақы жүйесіне қайта оралу мен жүргізушілер мен операторлардың мәртебесін көтеруді талап етті.

Сонымен қатар олар тәуелсіз еңбекақы жүйесіне көшсе, жалақының көтерілуіне сенімді. Бірақ "Өзенмұнайгаз" басшылығы бұл талаптарды заңсыз деп танып, келіссөздер жүргізіп жатыр. Ереуілшілердің жанайқайы 7 айдан бері ескерілмеген. 13 қарашада басқа үш кәсіпорынның жұмысшылары оларды қолдап, ереуілге шықты. Компания барлық талапты заң аясында қарастырып жатырмыз деп уәде берген.

Талқылау