Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суицидтің көбі кенеттен, ешбір ескерту белгілерінсіз болады": Суицид туралы 8 миф

Суицид тақырыбы өте нәзік, сондықтан мифтер, түсінбеушіліктермен қатар жүреді. Осылайша бұл осы мәселеге тап болған адамдарға қолдау көрсетуді не болуы мүмкін қайғылы жағдайды алдын алуды қиындатады. Бұл проблемаға саналы түрде қарауға және түсіністікке мұқтаж адамдар үшін қауіпсіз орта құруға кедергі келтіруі мүмкін қате түсініктерді қарастырайық.

Фото: novaya.by

Жалғыздық, әлеуметтік шиеленіс, үмітсіздік, қорқыныш, ашулану және өмірде кездесетін қиындықтардың шешімі жоқтай көріну адамды суицидке итермелейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, жыл сайын 700 мыңнан аса адам суицидтен қаза болады. Wisevoter ұйымының есебіне сәйкес, 2023 жыл 20 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан суицид статистикасында 178 елдің арасында 19-орында тұр. Дегенмен суицидтің нақты көрсеткіштері статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда жоғары. Өйткені көптеген суицид жол-көлік оқиғалары немесе кездейсоқ улану сынды әрекеттермен жасырылады.

Әдетте ата-ана баламда суицид туралы ой болуы мүмкін емес деп ойлайды

Психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, суицидке көбіне отбасылық жағдайы төмен балалар мен махаббаттан жолы болмаған адам барады деген жансақ пікір бар. 

"Кімнің өз-өзіне қол салайын деп жүргенін анықтау өте қиын. Себебі басқа адамның санасында не болып жүргенін, не үшін мұндай әрекетке баратынын біле алмаймыз. Психологияда "эффект Вертера" деген термин бар. БАҚ құралдарында суицид тақырыбын талқылау екі ойлы болып, батылы бармай жүрген адамдардың ішкі сенімін күшейтеді. Бір адам асылып қалыпты деген ақпаратты естісе немесе көрсе оны қалыпты жағдай деп қабылдап, мен сияқты адамдар да кетіп жатыр екен ғой деп ойлайды", – дейді маман.

Оның сөзінше, тағы бір қате түсінік ата-ананың менің баламда мұндай болуы мүмкін емес деп немқұрайлы қарауы. 

"Ата-аналар балалары туралы жаман ойдан аулақ болады. “Бұл менің отбасыма болмайды“ деген қате түсінік бар. Бала немесе ересек адам болсын суицид жасар алдында көзқарасы өзгеріп кетеді. Негативті нәрсе ойлай бастайды. Жұмсақ дағдылар қалыптаспайды. Мысалы, қандай да бір мәселе туындаса, қалай шешуге болады деген нұсқаларды таба алмай қалады. Бір ғана шешу жолы суицид деп ойлайды. Ата-аналардың балаларға көңіл бөлмеуі, олардың ой пікірін тыңдамауы өз-өзіне қол жұмсауға алып келеді. Ата-ананың баласына қатаң шектеу қоюы, құрдастарымен тіл табыса алмауы суицидке әкеледі. Бұл жағдайда ата-аналар балаларымен сөйлесіп, қандай жағдайда болса да ата-анам бұл мәселені шеше алады деген түсінік қалыптастыруы керек. Сол уақытта балалар басына түскен ауыртпалықты ата-анасына айтып, бірге шешсе, суицидтің алдын алуға болады", – дейді Балабек Сақтағанов. 

Жиі таралған суицид туралы мифтер:

  1. Психикалық ауытқуы бар адам ғана өз-өзіне қол жұмсайды

Шындық: Суицид туралы ой адамның бақытсыз екенін білдіреді, бірақ бұл психикалық аурудың көрсеткіші емес. Кез келген психикалық бұзылулардан зардап шегетін адамдарда, мұндай көңіл-күй болмайды. Ал өзіне қол салуға бел буғандардың барлығында психикалық ауру жоқ.

  1. Суицид мәселесін талқыламау керек. Өйткені суицид туралы айту адамды сол әрекетке итермелеуі мүмкін

Шындық: Суицид әлеуметтік стигма ретінде қарастырылатындықтан, суицидтік ойларды бастан кешіретін адамдар бұл туралы кіммен сөйлесетінін білмейді. Осы тақырыпта адаммен ашық әңгімелесіп, өмірлік перспективаларды түсіндіру керек. 

  1. Егер біреу өз-өзіне қол жұмсағысы келсе, оны ешкім тоқтата алмайды

Шындық: Зерттеу деректері көптеген суицид пен суицид әрекетін алдын алуға болатынын және оларды жасау өте оңай екенін анық көрсетеді. Ең бастысы, адамның қандай күйде жүргенін уақытылы анықтай білу керек. Содан кейін уақыт ұту маңызды. Киын сәттен өтуі үшін әңгімеге тартып, өз-өзіне қол жұмсау құралдарына қол жеткізуін шектеу керек.

  1. Егер біреуде өз-өзіне қол жұмсау туралы ой болса, ол өмірінің соңына дейін сол оймен өмір сүреді

Шындық: Бұл – жалған дерек. Өз-өзіне қол жұмсау қаупі нақты өмірлік жағдайға байланысты туындайды және ұзаққа созылмайды. Адам суицид туралы арасында ғана ойлауы мүмкін, бірақ бұл соңына дейін солай болады дегенді білдірмейді. Бір кездері өз-өзіне қол салу туралы ойланған адам, өмірінің белгілі бір кезеңінде ол туралы біржолата ұмытуы мүмкін. 

  1. Өз-өзіне қол салу туралы ойы бар адам өлгісі келеді

Шындық: Керісінше: өзін-өзі өлтіруді ойлайтындар көбіне қарама-қайшы көңіл-күйдің шырмауында болады. Адам бастапқыда эмоциямен солай айтуы мүмкін, алайда кейін өз әрекетіне қатты өкінеді. Сондықтан бұл мәселеде уақытылы алынған эмоционалды қолдау өте маңызды. Сонымен қатар суицид құралдарына қол жеткізуді шектеу қажет.

  1. Суицидтің көбі кенеттен, ешбір ескерту белгілерінсіз болады

Шындық: Суицид белгілері адамның сөзі мен мінез-құлқынан алдын ала білінеді. Мұнда адамды алаңдататын мәселені тауып, оны шешуге уақытында кірісу керек. 

  1. Өз-өзіне қол жұмсау туралы жиі айтатын адам суицидке бармайды

Шындық: Өз-өзіне қол жұмсау туралы айтатын адамдар мұқтаждық кезінде көмек қолын созуға тырысуы мүмкін. Өз-өзіне қол жұмсауды ойлайтындардың көбі алаңдаушылықты, депрессияны, дәрменсіздік сезімін бастан кешіреді және тығырықтан шығудың жолын көрмейді.

  1. Біреудің өз-өзіне қол жұмсауының алдын алу үшін психолог немесе дәрігердің көмегі қажет 

Шындық: Билік өз-өзіне қол жұмсауға көмектесетін әлеуетті құралдарды алу немесе оларға қол жеткізуді шектеуде шешуші рөл атқарады.

Дегенмен кез келген адам өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің алдын ала алады. Адам осы ойда жүрген отбасы мүшесі, көршісі немесе әріптесімен сөйлесу арқылы суицидтің алдын алып, көмектесе алады. 

Талқылау