Өз қыздарын 10 жыл бойы зорлаған: Алматы облысында ер адамға қатысты сот үкімі шықты
Алматы облысында 10 жыл бойы қыздарын зорлаған әкеге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Алматы облысында апалы-сіңлілі екі қыздың өз әкесінен зорлық-зомбылық көргеніне қатысты сот процесі аяқталды.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2010-2023 жылдар аралығында өзінің жас және кәмелетке толмаған қыздарына қатысты зорлық-зомбылық жасаған. Олардың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, зорлау арқылы жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттерді қайталап жасаған және оларды өлтіремін деп қорқытқан.
Прокурор сотталушыны 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот шешімімен 57 жастағы ер адам кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
2023 жылдың 28 мамырында Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылында тұратын апалы-сіңлілер өз әкелерінен он жыл бойы қорлық көргенін айтты. Қазір кенжесі 20 жаста, үлкені 22 жаста.
22 жастағы қыздың айтуынша, ол 11 жасынан бастап зорлық көрген.
"Әкем "Егер біреуге айтсаң, сенің де, сіңліңнің де, бауырларыңның да тамағын кесемін. Ал егер мойынсұнсаң, мен сені ұрмаймын” деп қорқытты. Қатты қорыққандықтан үндемей, оның қалағанын істедім", – дейді жәбірленуші.
Артынша жағдай ушығып, әкесі 13 жасында кіші сіңілісін қорлай бастаған.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында 12 жастағы оқушы қыз зорланған соң жүкті болып, дүниеге сәби әкелген еді. Оның жақын туысы қызды зорлады деген күдікке ілінген.