"Өз еркімен келіп, артынша жігіттің үстінен арыз жазды": Түркістан облысында қыз алып қашудың соңы дауға ұласты
Түркістан облысында қыз алып қашуға қатысты дау шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыз жігітті өзін алып қашып, некеге тұруға мәжбүрледі деп полицияға арызданса, жігіттің туыстары қыздың өз еркімен келгенін айтады.
Жігіттің туыстары әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарға үндеу жасады.
"Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы өз еркімен тұрмысқа шығуға келісіп, кейін өзін "алып қашқанын" айтып, полицияға арыз жазды. Арызын қайтарып алу үшін 5 миллион теңге талап етіп отыр! 2026 жылғы 15 шілдеде қыз тоғыз ай бойы Жолдыбай Нұрсұлтан есімді жігітпен кездесіп жүргеннен кейін, оған өз еркімен тұрмысқа шығуға келісіп, қалыңдық ретінде Қарсақбай ауылына келген", – деп жазды жігіттің туыстары.
Желіде жарияланған видеоларда қыздың құрбыларымен жазысқан хаттары, онда оның үйлену тойы туралы хабарлап, "қуынышына ортақ болуға" шақырғаны, сондай-ақ қыз алып қашу сәтінен кадрлар көрсетілген. Видеодан қыздың көліктен сабырлы түрде түсіп, қарсылық көрсетпестен жігіттің үйіне кіргенін көруге болады.
Сонымен қатар видеолардың бірінде қыздың құрбысымен бірге өзін алып қашқаны туралы қуана айтып, әңгімелесіп отырғаны көрінеді.
Алайда кейіннен қыз полицияға арыз жазған. Шымкент қаласының полиция департаменті қызды некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеуге әрекет жасаған. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық полицейлер алып қашудың құрбаны болған қызды тасжолда құтқарып қалғаны туралы жазған едік.
Шетелге ұшқан қазақстандықтың багажынан құны 3 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымы ұрланған: Мұндай жағдайда тап болмас үшін не істеу керек