Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз әкеңмен отау құруға болады": Қазақстандықтар Kaspi-дегі некені тіркеу рәсіміне наразылықтарын жеткізді

Kaspi.kz қосымшасында әкесімен некені тіркемек болған адамның өтініші мақұлданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Отандық блогер, медиа-тренер Ақерке Берлібай эксперимент үшін әкесінің ЖСН арқылы банк қосымшасынан өтінім беріпті. 

“Әкеміздің ЖСН-ін алып тәжірибе жасап, өтінім білдірдік. Нәтижесінде қызы әкесіне тұрмысқа шыға алатынын түсіндік… Әкемнің үйленген адам екеніне қарамастан", – деп жазды блогер.

Оның айтуынша, өтінім барлық кезеңдерден сәтті өтті. Қызмет үшін ол бір АЕК (3450 теңге) төлеген. Нәтижесінде қосымшада 7 тамызда некені тіркеуге шақыру туралы хабарлама келген.

Блогер қызға өтініш жібергенде, жүйе екінші кезеңде бір жынысты некеге тыйым салынғанын көрсетіп, бас тартқанын айтады.

“Бірақ неге қызы мен әкесі отауласа алмайды деген хабарлама болған жоқ? Үйленген адам екені? Бұл миллиардтаған долларлық еговқа тегі бірдей әрі әкесінің аты сәйкес келетінін анықтау қиын ба?!” – деп шамданды Берлібай.

Әрі 80-жылдарға дейінгі деректерді цифрландыру мүмкін емес екені айтылған.

“Өмірдегі осындай маңызды кезеңді банк қызметіне айналдырып, жеңілдетудің не қажеті бар? Одан да телефон нөмірі арқылы "үйленген/үйленбеген" екенін анықтай алатындай нәрсені жасаған дұрыс болар еді, мүмкін осылай көп отбасыларды сақтап қалуға болады! Отбасы институтын үш-ақ батырманың деңгейіне айналдыру орынсыз. Онсыз да бізде жұптар еш ойланбай, жастықтың буымен үйлене салады. Оны одан сайын жеңілдетуге болмайды”, – деді ол. 

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин блогерге БАҚ-тан некені тіркеу жөніндегі Әділет министрлігінің қызметін іске қосуға қатысты көптеген өтініштер түскенін айтқан. Айтуынша, мұны Әділет министрлігі бақылауына алған. 

Kaspi баспасөз қызметі қосымша некені тіркемейтінін, тек "ХҚКО-дағы кезекке" қоятынын мәлімдеді.

Осыдан кейін банктен бұл қызмет жоғалып кетті. Ал қызметті қосымшадан алып тастауға байланысты Kaspi компаниясының өкілі пікір білдірді. 

"Бұл қызмет неке қиюды тіркеуді қарастырмайды. Тек онлайн өтініш беруге болады. Қызмет бірнеше күн бойы сынақтан өтті. Біз қызықты пікірлер алдық. Қызметтің тұтынушыларымызға қаншалықты пайдалы екенін бағалаймыз" - деді Kaspi корпоративтік коммуникациялар бөлімінің басшысы Маржан Елшібаева.

Талқылау