Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өте қорқынышты түн болды. Дауыстар, айқай-шу, төбелес": Алматы орталығының тұрғындары түнгі ойран туралы айтып берді

Алматыда 5 қаңтарда басталған халық наразылығы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан еді. Көшеге шыққан азаматтар полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, көліктерді өртеп, дүкендер мен банк бөлімшелерін тонаған. Келесі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасына іріткі салушыларды террорист деп атап, қаланы тазарту үшін антитеррористік операция басталғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оңтүстік астанадағы жағдай тұрақталып, жергілікті тұрғындар күнделікті күйбең тіршілікке бет бұра бастады. Алайда сол күндердің салқыны әлі де санада сақталып тұрғандай елес береді. Stan.kz тілшісі қаланы аралап, әкімдік аумағында тұратын тұрғындармен тілдесіп қайтты.

Жоғарыда айтылғандай қала қазір бұрынғы тірлішілігіне орала бастаған. Алайда көшелерде тәртіпті бақылап жүрген әскерилер кездеседі. Көшелердің кейбіріне блок-бекеттер қойылып, көліктердің жүруіне шектеу жасалған.

Жол жиегінде орналасқан дүкендердің көпшілігі шабуылға ұшырап, әйнектері шағылған. Олардың бірсыпырасы әлі де жұмысын жалғастырып тұрса, кейбірі есіктеріне құлып салған. Тонаушылардың суық қолдарынан сақтанғандар мекемелерін қорғау үшін, есіктерінің алдына баррикадалар орнатып, өз беттерінше қорғанған. Осы көріністен-ақ өткен түндердің қаншалықты қиын болғанын аңғаруға болатындай.

коше аптека

Назарбаев көшесімен жүріп, Сәтбаев көшесінің бойындағы жаңа алаңға қарай аяңдадық. Ондағы мақсат –  террористер қиратқан әкімдік ғимаратын суретке түсіріп, сол маңдағы тұрғындармен тілдесу. 

Жолшыбай жаяу жүргіншілер жолында кездескен жолаушыларды да сөзге тартуға тырыстық. Сыртта жүрген адам аз, олардың бірі үйде отырғаннан зерігіп сыртқа шықса, енді бірі қаланың күйреген келбетін көруге шыққанын айтып жатты және бұл көріністен көңілдері түскені байқалып тұрды.

"Осы маңда тұрамын, – деді Жасұлан есімді азамат. – Митингіге шыққан жоқпын. Үйде анам жалғыз, қарындасым бар. Өзгеріс қалап шыққандары дұрыс қой, бірақ мына әрекеттері тым ерсі. Еліміздегі ең сұлу әрі тарихқа бай қаланың бірін бір күнде күлге айналдырды", – деп ойын білдірді ол.

Біз ары қарай жүрісімізді жалғастыра бердік. Алдымыздан асықпай келе жатқан қарт кісі шықты. Пікірін сұрайық деп, сұрағымызды қоя бастадық. Алайда ол кісі аяңдағысы келмей:

"Мен барлығын да көрдім, барлығын да естідім", – деп өтіп кете берді.

Қаланы әлі толық қоқыстан тазартып үлгермеген. Көшелердің шетінде, тіпті ортасында соқтығысқан не болмаса өртенген көліктер әлі де тұр.

машина митинг

Сәтбаев көшесінің бойына шығып, әкімдік жаққа өте бергенімізде алдымыздан полицейлер кес-кестей шығып, жолымызды бөгеді. Байқасақ, әкімдікке өтер жолға да блок-бекеттер қойып қойған екен. Жай адамды өткізбейді. Суретке түсіруге де тыйым салды.

Жол бойын қоқыстан тазартып жүрген тазалық қызметкерлерін байқадық. Олар жаяу жүргіншілер жүретін жолды сыпырып жүр. Оқта-текте өткен адамдар жолығады.

акимат митинг

Қалада бейберекетсіздік болған күндері көп жәйтке куә болған тұрғындар екені белгілі. Әсіресе оқиға эпицентрінде тұрған халықтың айтары бар. Осы оймен әкімдік маңындағы тұрғын үйлердің ауласына келдік.

Үйінің алдында тұрған әйелді көріп, әңгімеге тарттық. Тұрғын сөзінің басын сол түндердің ауыр естеліктерімен бастады.

"Әлі күнге дейін қорқамыз. Себебі кеш болса болды, сиренаның үні қосылып, әр жерден мылтықтың дауыстары естіледі. Тәртіпсіздіктер басталатын күні мен үйде болатынмын. Қазақстанда халық митингіге шығып жатқанын естідік. Бірақ Алматымызда осындай бассыздықтар болады деп мүлдем ойлаған жоқпыз. Себебі біздің тұрғындар тәртіпті әрі заңға бағынатын еді, білмеймін неге бұлай болғанын", –  деді тұрғын. Әйел сонымен бірге әскерилердің қалай соққыға жығылғанын көргенін де айтты.

"Өте қорқынышты түн болды. Дауыстар, айқай-шу, төбелес. Біз оларды үйімізге басып кіріп кете ме қатты қорықтық. Тіпті бір жігіттердің әскери қызметкерді жабылып соққыға жыққанын да көрдім. Жап-жас жігіттер. Өте аянышты", – деп сөзін түйіндеді ол.

Тағы бір тұрғын өз аулаларын қалай қорғаны туралы айтып берді.

"Көшеде келеңсіздіктер басталғаннан кейін өз-өзімізді қорғауымыз қажет болды. Кешкі бір уақытта бір топ жігіттердің ауламызға келе жатқанын байқадық. Ойларында не бар екенін білмейміз. Көліктерімізді өртеп кете ме деп те сескендік. Тұрғындар болып бірауыздан шығып, қуып жібердік", –  деді ол.

Тұрғындардың сөзінен қаланың қираған келбетіне деген ашық аяныш анық байқалып тұрды. Сондай-ақ халықтың жарқын болашағына деген сенім де сезіледі.

Талқылау