Отбасылық бизнес: СҚО-да әкесі, анасы мен қызы жеңгетайлықпен айналысқаны үшін сотталды
СҚО-да жеңгетайлықпен айналысқан бүтін бір отбасы және оларға көмек көрсеткен 50 жастағы ер адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әкесі, анасы және олардың 19 жасар қызы мен отбасына көмек көрсеткен 50 жастағы ер адам сотталды. Процесс жабық жағдайда өтті. Журналистер тек үкім оқылған кезде ғана қатыстырылды.
Айыпталып отырған отағасы Леонид Шегольков осыған дейін де істі болған. Ол 2008 жылы Алматы облыстық сотының үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылып, 2021 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан. Оның жұбайы Анастасия Шеголькова да Петропавл қалалық сотының үкімімен 2022 жылы жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық жасағаны үшін 4, 6 жылға шартты түрде сотталған.
Осы жолыда ол тура сондай қылмыс жасаған. Алайда жазадан құтыла алмады.
"Сот Анастасия Шеголкованы қылмыстық кодекстің "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу", "Бас бостандығынан заңсыз айыру", "Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тарту", "Адамды ұрлау" және "Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық" бойынша кінәлі деп таныды. Оның өтелмеген шартты мерзімі қосылып, жинақтала келе 14 жылға бас бостандығынан айырылсын. Мүлкі тәркіленіп, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады", – деді үкімді оқыған судья Айдарбек Беккужинов.
Леонид Шегольков та осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның да мүлкі тәркіленіп, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Қол астында 9 қыз жұмыс істеген: Семейде жеңгетайлықпен айналысқан әже жазаға тартылды
"Сот Элля Шеголкованы қылмыстық кодекстік "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу", "Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тарту" және "Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық” бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды. Мүлкі тәркіленіп, жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады. Вячеслав Романов кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді", – деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
Үкімді естіген Романов өзін бірден жайсыз сезініп, орындыққа отыра қалды. Ал осы уақытқа дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген Элля Шеголькова сот залында қамауға алынды. Ал оның бір жасар қызын Қызылжар аудандық қорғаншылық және қамқорлық органдарына тапсыру ұсынылды. Мұны естіген ол көз жасына ерік берді.
"Сізердің кінәлеріңіз сот материалдарымен толық дәлелденді. Элля Шегольковаға ҚР ҚК 125 бабы 3 бөлігі 1,2 тармақтары, яғни адам ұрлау бойынша тағылған айып алынып тасталды. Өйткені, бұл дәлелденген жоқ. Және жазаны жеңілдететін жайт ретінде Шеголькованың кішкантай баласы бары ескерілді. Сондай-ақ, сот Вячеслав Романовқа қатысты ҚР ҚК 309 бабы 3 бөлігі "Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық” бойынша тағылған айып дәлелденген жоқ деп санайды. Сот айыпталушылардың барлығының ұялы телефондарын және Вячеслав Романовқа тиесілі LADA Largus автокөлігін тәркіледі. Бұл заттарды олар қылмыс жасаған уақытта пайдаланған", – деді оқылған үкімді түсіндірген СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Беккужинов.
Ал ерлі-зайыпты Анастасия мен Леонид Шегольковтардың қылмысын жеңілдететін жайттар анықталмады. Оның үстіне сот үкім шығарарда олардың бұрын ауыр қылмыс жасап, істі болғандығын ескерген.
Сот процессі аяқталған соң Леонид Шегольков жәбірленушілерді балағаттап, шу шығарды.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін жеңгетайлық үшін сотталған атышулы "Айка" апелляциялық шағым түсіргенін жазғанбыз.