Өскеменде полицейлер әйелдің көлігінің кілтіп алып ап, екі баласымен далада қалдырған
Әлеуметтік желіде өскемендік ерлі-зайыптының транзиттік көлігін полицейлер тоқтатып, алып кету үшін эвакуатор шақырған видеосы тарады. Онда әйел эвакуатор келгенше екі кішкентай баласымен полицейлердің көлігіне кіріп отыра тұруға өтініш білдірген. Алайда құзырлығы орган өкілдері қарсылық танытып, есікті ашпай қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Видеода әйел мен ер адамның полицейлерге шағымданып, олардың көлігінің терезесін тоқылдатқанын көруге болады. Әйел кішкентай балаларынмен күн суықта сыртта тұрғанын айтып ашуланған. Бірақ тәртіп сақшылары көмек берудің орнына, көліктен шықпай қойған.
"2 және 4 жастағы балам бар. Полицейлер біздің көлігіміз транзитте болғаны үшін эвакуатор алып кетеді деді. Эвакуатор келгенше сыртта тұрғызып қойды. Ең болмаса, жарты сағат көліктің ішіне кіріп, отыруға құқығымыз жоқ па? Екі кішкентай баламен түннің бір уағында дала тұрмыз. Халықпен неге санаспайсыздар? Көліктеріңізді бір жерге алып қашайық деп жатқан жоқпыз. Өз көлігіміздің кілтін алып, енді екі баламен далада тастап тұр", – деді видеода әйел.
Ерлі-зайыпты мен полицейлердің әрекетіне қатысты оқырмандардың пікірі екіге жарылды. Бірі заңға бағыну керек десе, басқалары тәртіп сақшыларының жұмысына наразы болған. Видео астына 12 мыңнан аса адам пікір қалдырған.
"Транзиттік нөмермен түнде жүруге болмайды. Біліп тұрып әдейі істеп, полицияны жаман қылып көрсетіп тұрсыз. Полицейлердің сәлде болсын адамгершілігі жоқ екен", "Полицияның үстінен полиция шақыруға болатынын білесіңдер ме, негізі? Екеуі балаларды суыққа қалдырғандары үшін ақ заңға тартылады", "Қойыңдаршы, заңға неге мойынсұнбайсыңдар. Не міндет ол, бала, бала деп...", "Жолдасың осы жерде қалсын. Сен балаларды жауратпай, үйіңе таксимен бар", "Америка полицейіне қарасаң қызығасың. Біздікі адам болмайды. Жарайды заң бұзды делік. Тіпті, болмаса баланы отырғызса болады ғой. Тас жүректер", – деп жазды желі қолданушылары.
@bekubekoo #өскемен ♬ оригинальный звук - Bekuzhan
Редакция Өскемендегі полиция департаментіне хабарласып, істің шын мәнінде қалай болғанын сұрап білді.
"Полиция қызметкерлері белгіленген тәртіпте тіркелмеген автокөлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартып, көлікті айыппұл тұрағына қойған. Сондай-ақ полицейлер жүргізуші мен оның отбасына үйлеріне дейін жеткізіп салу көмегін ұсынған. Алайда олар ұсыныстан бас тартып, керісінше, сыбайлас жемқорлық сипатындағы жалған айыптар тағып, бейнежазба түсірген. Бейнежетон жазбаларынан жүргізушінің полиция қызметкерлеріне өздері пара беруге тырысқанын, бірақ полицейлердің одан үзілді-кесілді бас тартқанын көруге болады", – деп жауап берді Өскемен полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Түсіпова.
Полиция департаменті жағдайды видеожетонға түсіріп алғанын мына жерден көруге болады.